Биыл тарихта тұңғыш рет ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC-дің кезекті турнирлерінің бірі Қазақстан аумағында ұйымдастырылуға тиіс еді.
13 маусымда Нұр-Сұлтанда өтуге тиіс дүбірлі доданы барша жанкүйердің тағатсыздана күткені рас. Майталман мамандардан бастап, осы спорт түрінен титтей де хабары бар адамдарға дейін «Бұл жарысқа кімдер қатысады?», «Қазақ жерінде қандай чемпиондық белбеулер сарапқа салынады екен?» деген сауалға жауап іздеп, әлек болды. Бірақ коронавирустың кесірінен айтулы турнирдің межеленген уақытында өтпейтіні анық.
Күні кеше M-1 Global промоутерлік компаниясының президенті Вадим ФинкельштейнБАҚ өкілдеріне берген сұхбатында осы жарысқа байланысты біраз жайттың бетін ашты. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтандағы турнирде ресейлік қандасымыз Дамир Исмагұлов пен қазақстандық өрен Шавқат Рахмоновтың қатысатыны анық еді. Екеуі де өз жанкүйерлерінің көз алдында айқасуға айрықша құштар болды. Алайда елді дүрліктірген індет ол жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.