Бағдарламаның алғашқы шығарылымы әлеуметтік желілер мен YouTube платформасында көпшілікке ұсынылып, көрермен тарапынан қызу қолдау табуда. Бұл туралы пікір білдірушілер классикалық хореография өнерінің тарихы мен қазіргі жетістіктері, басты ерекшеліктері мен ережелері жөнінде мағлұматтың тапшылығын алға тартып, мұндай идеяның әсіресе өнерсүйер жұртшылық үшін өте маңызды екенін тілге тиек етуде. Бейнесабақты тамашалаған көрермен балет спектаклін түсініп көру үшін бұл бастаманың көрерменге көп көмек тигізіп жатқанына ризашылық білдірді.
–Балет терминдері мен олардың мағынасы туралы не білесіздер? Фуэте, ан деор, ан дедан дегеніміз не? – деп, «Астана Опера» театры балет труппасының солисі Серік Нақыспеков аудиторияға сауал тастады. Ол сабақ барысында балет өнерінің негізгі қимыл-қозғалыстары туралы баяндап, өзі соларды кәсіби жоғары деңгейде орындап берді. Бұдан бөлек, көрермен назарына балеттік қойылымдардың бейнетізбесі ұсынылып, аталған би элементтерінің қалай қолданылатыны көрсетілді.
«Балет және оның қыр-сыры» бағдарламасының келесі шығарылымы заманауи хореографияға арналмақ. Бұл түсірілімде жұртшылық би пластикасымен қандай эмоциялар берілуі мүмкін екенінен хабардар болады.
Тағы бір айта кететін жайт, тікелей эфир арқылы балет жұлдыздарымен танысып, тілдесуге мүмкіндік туғызылған. Мысалы, 12 сәуір күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гаухар Усина театрдың Инстаграм парақшасындағы оқырмандар қойған сұрақтарға жауап берген болатын. Көрерменнің сүйікті әртістерімен интернет-байланыс жасау тәжірибесі тың жобаның сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Балет труппасының танымал әртістері Бақтияр Адамжан мен Әйгерім Бекетаеваның шығармашылығына қызығушылық танытқан көрерменге 22 сәуірде тағы бір тосын сый әзірленуде. Бишілер «Карантиндегі жұлдыздар» жобасына қатысады. Бұл жоба жетекші солистерді аудиториясына бұрынғыдан да жақындата түседі деп күтілуде. Әртістер қойылым жанрынан тыс өнер көрсетіп қана қоймай, өздерінің негізгі кәсібімен үйлестіре отырып, шешендік өнер дағдыларын паш етпек.
Карантинге қарамастан балет әртістері күн сайын сахналық қалыптарын сақтауға, бекзат өнердің әсем иірімдерін айшықты жеткізуге тырысып бағады. Ол үшін өздерінің ұстаздарымен түрлі жаттығулар мен комбинацияларды орындай отырып, күнделікті классикалық би сабақтарына қашықтан жаттығады. Өнер майталмандары жүргізетін сабақтардың әлеуметтік желілерде жариялануы балет өнерін таңдаған кейінгі жастар үшін біліктілік арттыру алаңына айналуда.