Әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джокович «ТОП-100» теннисшінің қатарына еніп отырған саңлақтарға әлемдік рейтингте өздерінен әлдеқайда төмен тұрған ойыншыларға көмек көрсетудің жаңа жобасын ұсынды.
Коронавирус індетінің өршуіне байланысты спорттық жарыстардың барлығы да тоқтатылғаны белгілі. Соның салдарынан көптеген спортшылар қазіргі кезде материалдық тұрғыдан қиын жағдайды басынан кешіруде. Теннисшілерді қолдау мақсатында Сербияның сайыпқыраны Новак Джокович жаңа бастама көтерді. Оның бұл идеясын атақ-даңқтары алысқа жайылған испаниялық Рафаэль Надаль мен швейцариялық Роджер Федерер толықтай қолдады.
Жоғарыда айтылған жоба негізінде әлемдік рейтингте үздік бестікте тұрған теннисшілер 30 000 доллардан, озық ондықтың қатарына енгендер 20 000 доллардан, 11-20 сатыларға жайғасқандар 15 000 доллардан қайырымдылық қорына аударуға тиіс.
Сөйтіп, «ТОП-100» санатындағы барлық теннисшілер ортаң қол ойыншыларға қамқорлық көрсетеді.