Коронавирусқа шалдығып, сол дерттен айыққан Швецияның әйгілі хоккейшісі Берье Сальминг журналистерге сол кездері қалай қиналғаны жайында айтып берді.
Есімі Хоккей даңқы залына енген ойыншы «Өте қорқынышты болды. Кейде ауа жетпей, қатты тұншыға бастаймын. Қол-аяғым дірілдейді. Бір сөзбен айтсам, өмір мен өлімнің арасында жатқандай күй кештім. Бағыма орай, дәрігерлер дер кезінде жетті. Солардың арқасында аман қалдым. Қазір жағдайым біраз жақсарды. Десек те толықтай айығып кеттім деп айта алмаймын. Сол себепті де күтініп, үйде жатырмын», - дейді ардагер хоккейші.
Күні кеше ғана, нақтылап айтсақ 17 сәуірде 69 жасқа толған Берье Сальминг ұзақ жылдар бойы Ұлттық хоккей лигасында (ҰХЛ) өнер көрсетті. 16 жыл бойы «Торонто Мейпл Лифстың» намысын қорғаса, тағы бір маусымды «Детройт Ред Уингздың» сапында өткізді.
Атақты қорғаушы Швеция құрамасы сапында 1972 және 1973 жылдары өткен әлем чемпионатында жүлдегерлер санатына қосылды.