Сонау бұрынғы өткен дәуірде селеуі тербелген, сайын даланың бір жігіті жат елдің аруына өлердей ғашық болыпты. Қыз айтыпты: «Мен саған әйел болайын, бірақ 100 түрлі шартым бар, соны орында». Жігіт қуана келіседі. Алғашқы шартым – дейді қыз жігітке: биік жартасқа шығып секір. Жігіт оны орындап, аяғын сындырады.
Екінші шартым: аяғыңды ақсамай бас – дейді, қыз. Оны да орындайды. Сол сияқты, киімге су тигізбей өзеннен өту, шапқан атты тоқтату, асауды ноқта-жүгенсіз үйрету, кеудесіне алма қойып қылышпен шаптыру, тағы басқа 99 шартын мүлтіксіз орындайды.
Соңғы жалғыз шартым – депті қыз: «Енді өз ана тіліңді ұмыт». Сол сәтте жігіт көзінен ұшқын шашып, белдеудегі тұлпарына қарғып мінеді де, «хош» деп сағым ойнаған сар далаға сіңіп кетіпті.