Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында төтенше жағдай кезінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындау шарттары туралы жалған ақпарат бергені үшін жұмыс берушілер мен азаматтардың жауапкершілігі туралы онлайн-баспасөз мәслихаты өтті.
Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайтынын атап өтті.
«Бүгінгі таңда төтенше жағдайдың салдарына байланысты табысынан айырылған 3 млн 960 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Оларға 157 млрд теңге төленді. Өкінішке қарай, соңғы 4-5 күн бойы әлеуметтік желілерде, қоғамда «42 500 теңге алғаны үшін қылмыстық тұрғыда жазалайды екен» деген әңгіме көп таралып жатыр. Біз бәрін қарап шықтық. 5 сәуірден бастап заңгерлеріміз осы мәселеге қатысты пікірлерін айта бастады. Оның ішінде ерекше таралғаны сол күні zakon.kz порталында орыс тілінде Данияр Нұрланұлы мен Руслан Қожахмет есімді заңгер-адвокаттардың Қылмыстық кодекстің алаяқтыққа қатысты баптарын талдап, соны 42 500 теңге төлеміне қатыстырып жазған мақаласы болды. Ол азаматтар «министр Нұрымбетовтің ешкімді жаппай тексермейміз» деген сөзін жұмыс берушілер пайдаланып, жалған мәліметтер беруі мүмкін» дегенге келтірген. Осыған байланысты, бірде-бір адам 42 500 теңге алғаны үшін, тіпті жіберген қателігі үшін қылмыстық жазаға тартылмайды. Оған негіз жоқ. Осыған нүкте қояйық. Ешкім жауапкершілікке тартылмайды. Оны талқылап жатқан заңгерлер де біледі. Біз ешкімді тексермейміз. Себебі бұл – әлеуметтік төлем. Бұл – әлеуметке бағытталған төлем. Жеке тұлғаларды, ресми не бейресми болсын, жұмыс істеп жүргендерді үйлерді аралап, тексермейміз. Ештеңеге уайымдамаңыздар. Сіздерге төленді ме? Алыңыздар, жаратыңыздар. Тексеру болса да бізді тексереді», деді министр.
Сонымен қатар ол жұмыс берушісі жалақысының 50 пайызын ғана төлеп отырған қызметкерлер 42 500 теңгеге өтінім бере алмайтынын жеткізді.
«Бұл 42 500 теңге әлеуметтік төлем жалақысынан айырылғандарға ғана беріледі. Сондықтан жалақы мөлшері төмендеген жағдайда әлеуметтік төлем берілмейді. Яғни, бірде-бір тиын төленбейтін ақысыз демалысқа жіберілген жағдайда ғана 42 500 теңге алуға құқығыңыз болады және өтініш бере аласыздар», деп жауап берді министр.
Сонымен қатар ол әлеуметтік төлемді заңсыз алғандар қаражатты қашан қайтаруы керектігін де атап өтті.
«Қай уақытта қайтарғыңыз келсе, сол уақытта қайтара аласыздар. Оның мерзімі де, қайтару тәртібі де жоқ. Егер сіз қателескеніңізді көріп тұрып қайтарамын десеңіз, оны жағдайыңыз келген кезде қайтарыңыз. Қайтармаймын десеңіз қайтармайсыз», деді Б.Нұрымбетов.