Соңғы күндердегі желдей ескен бейресми ақпараттар шындыққа айналып, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшылығы ауысып тынды. Бұған дейін Денсаулық сақтау вице-министрі сынды лауазымды қызмет атқарған Камалжан Надыров Алматы қаласына Бас дәрігер болып келді.
Камалжан Надыров 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетін, Тұран университетін, Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебін тәмамдаған.
Әр жылдары Duke University, «The Fuqua School of Business» (АҚШ), «Parkway College» (Сингапур), «Florence Nightingale» (Түркия) клиникалар тобында және «Oxford «Social Health Insurance system» (Германия) біл алған.
2007-2014 жылдары Б.О.Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығында клиника ординаторы, бөлім меңгерушісі, бас директордың орынбасары қызметтерін атқарды.
Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымында 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Сондай-ақ, Медициналық қызметтерді стандарттау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
2016-2017 жылдар аралығында Республикалық диагностикалық орталығын басқарды – «University Medical Center» филиалының директоры болды.
2017-2018 жылдары – Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болды.
Ал 2018 жылғы наурыздан 2019 жылғы наурызға дейін Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды.
2019 жылғы наурыздан бастап қазіргі таңға дейін Денсаулық сақтау вице-министрі лауазымын атқарды.