Тақырыпты дәл осылай қоюдың өзіндік себебі бар. Былтыр Ақмола облысында 71 төтенше жағдай орын алып, 78 адам зардап шекті. Өндірістегі айтып келген апаттың кесірінен 2017 жылы 13 адам опат болса, 2018 жылы 17 адам көз жұмды. Биыл да қайғылы оқиғаға толы оқыс жайлар азаймай тұр.
Осы деректерде айтылған әр оқиғаның, әр апаттың әр жағында адам тағдыры бар. Олардың әрқайсысы – бір-бір отбасының асыраушысы, шиеттей балалардың асқар тауы. Осындай айтып келетін апаттан неге сақтана алмай отырмыз. Адам өмірі неліктен арзандап кетті? Енді осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Оқырманға түсінікті болуы үшін екі оқыс оқиғаның жай-жапсарын жіпке тізгендей етіп баяндалық. Ескі жараның орнын тырнағымыз келгендіктен емес, жан баласына деген жанашырлықты арттыра түсіру қажет болғандықтан. Қайғылы оқиғаның бірі Степногор қаласындағы Заводская ауданында орын алған. Көтергіш кранның жебесі үзіліп, мұнараға құлаған. 17 метр биіктік. Айнала темір-терсек, бетон. Тірі қалу тіпті де мүмкін емес. 32 жасар монтажшы мен 45 жастағы дәнекерлеуші бірдей құлаған. Алғашқысы оқиға болған орында ауыр жарақаттың салдарынан жантәсілім еткен. Ал екіншісінің кеудесінде шықпаған жаны бар. Әйтпесе он екі мүшесінде сау тамтық жоқ қалпы қалалық ауруханаға жеткізілген. Екі бірдей азаматтың бірі қыр-шынынан қиылып, екіншісі өмір бойы мүгедек болып қалуының себебі неде? Кім кінәлі? Осыған ұқсас екінші оқиға Біржан сал ауданындағы «Көкше-Цемент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цехында орын алған. Осы цехта жұмыс істейтін өрімдей жас жігіт опат болды. Тағы да сол өндіріс ошақтарында еңбек қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл бөлініп отыр деген сауал алдымыздан шығады. Біз бұл сауалды облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Дүйсенбек Баймұсыновқа қойдық.
– Биыл облыста 10 қайғылы оқиға орын алды, – дейді басқарма басшысының орынбасары, – біз әрине, болған жайды мұқият тексеріп, себебін анықтаймыз. Жоғарыда айтылған екі оқиғаны талдап көрелік.
Алдымен Степногор қаласындағы «ААEngineerinf Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің монтажшысы К.Жиенжанов пен электр дәнекерлеушісі К.Байбековтердің оқиғасын алайық. Бұл жерде таза жазатайым оқиға. Кран мұнарасының құлауын ешкім күні бұрын болжап білмеген. Ал Біржан сал ауданындағы оқиға бойынша қазір арнайы тергеу жұмысы жүргізілуде.
Өткен оқиғалардың барлығының себеп-салдары сарапталып зерттелетіні сөзсіз. Кінәлілер жауапқа да тартылар. Бірақ одан опат болған адам өмірінің орны тола қоя ма? Демек, ендігі арада еңбек қауіпсіздігіне баса назар аудару керек. Оқыс оқиғалар орын алғаннан кейін өкінгеннен гөрі, еңбек қауіпсіздігін барынша күшейту жөн емес пе?! Әйтсе де кейбір жұмыс берушілер осы бір мәселеге әлі де жеткілікті мән бермей отыр деп айта аламыз. Өйткені, басқарма басшысы орынбасарының айтуына қарағанда былтыр облыста 71 төтенше оқиға орын алыпты. Осы оқиғалардың салдарынан 78 адам зардап шеккен. Соңғы екі жылда 30 адам қаза тапқан.
Мәселенің мәнісі мынада, бүгінде Ақмола облысында ұзын-ырғасы 13 мыңнан астам әртүрлі кәсіпорын мен ұйым бар. Онда 270 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оқыс оқиға орын алмасын десеңіз, мемлекеттік еңбек инспекторына сенім артасыз. Ал инспектордың атан түйеге жүк боларлық міндеттемесі көп. Осы мамандықтың жетіспеушілігі бүгінде маңызды мәселеге айналып отыр. Жетіспегеннен кейін кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігін тексеру барысында олқылықтар бар. Мемлекеттік еңбек инспекторлары кәсіпорындар мен ұйымдардың бар болғаны 5 пайызға жуығын ғана тексеріп шығуға қауқарлы. Ал қалғандарында қандай жағдайдың орын алып отырғаны беймәлім. Тексеріс болмағаннан кейін кейбір кәсіпорындар мен мекемелер де еңбек қауіпсіздігіне жеткілікті мән берілмейді. Маман жетіспегендіктен, басқарма инспекторлары жыл ішінде небәрі 500-ге жуық кәсіпорынды ғана тексеріп, алдын алу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанымен таныса алады. Одан басқа жұмыстар да шаш етектен. Азаматтар мен заңды тұлғалардан түсетін өтініштерді қарайды. Олар да аз емес. Өткен жылы 1300 өтініш түсіпті. Жыл сайын орын алатын жүзден астам өндірістегі оқиғалардың себебін тексереді. 4-5 мемлекеттік еңбек инспекторы арнайы тергеумен айналысады. Олардың әрқайсысына 4-5 ауданнан бекітілген. Демек, бұдан шығатын қорытынды, мүмкіндігі болса мемлекеттік еңбек инспекциясын нығайту.
Орын алған оқиғаларды сараптасаңыз, жазатайым оқиғалар әсіресе ауыл шаруашылығы мен коммуналдық тұрғын үй кәсіпорындарында көбірек. Айталық, 2017 жылы аграрлық секторда 19 оқиға орын алса, 2018 жылы 10 оқиға тіркелген. Инспекторлардың айтуына қарағанда, оқыс оқиғалардың басым көпшілігі техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын, еңбек пен өндірістік тәртіпті сақтамаудан немесе жұмыс барысын дұрыс ұйымдастырмаудан орын алады. Оның үстіне еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелері сақтала бермейді. Осындай олқылықтардың соңы қыршын жанды қиып кететін қасіретке соқтыруда. Демек, алдағы уақытта ең алдымен еңбек қауіпсіздігін қадағалайтын инспекциясы толыққанды жұмыс істеуі үшін оның құрамын көбейтіп, білікті мамандармен қамтамасыз ету керек. Сонда ғана ел аман, жұрт тыныш болмақ.
Ақмола облысы