Қарағанды облысында өңірдің төтенше жағдай және карантин кезіндегі ахуалы туралы барлық ақпарат пен мәліметтер тоғыстырылатын Жедел әрекет ету орталығы құрылды. Облыс басшылығының айтуынша, жаңа құрылым аймақтық жедел штабтың негізгі шешім қабылдау орталығына айналуы тиіс.
«Жедел әрекет ету орталығының жұмысына барлық жұмылдырылған құрылымдар мен қызметтердің, атап айтқанда, полиция, санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік, әскери, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, басқа да басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері атсалысатын болады. Орталыққа облыста болып жатқан барлық оқиғалар туралы ақпараттар келіп түседі. Жұмыс тәртібі – 24/7. Келіп түскен ақпарат одан әрі іс-қимыл бойынша ұсыныстарды талдау және әзірлеу үшін өте маңызды. Яғни туындаған мәселелерді барлық қызметтердің қатысуымен жеделдетіп шешуге мүмкіндік туады», деп жазды өзінің Facebook-тегі парақшасында облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Орталықтың жұмысы санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік және дезинфекция, азық-түлік қауіпсіздігі мен тіршілікті қамтамасыз ету (ТКШ, энергетика), санитарлық блок-бекеттердің іс-қимылын үйлестіру және басқа да бірқатар бағыттар бойынша жүргізіледі.
Senim 109 қызметі ЖӘЕО-ның жедел қолдау желісі болады. Тұрғындар бұл желіге өздерінің барлық мәселелерін айтып, қызметіне жүгіне алады.
«Барлық қызметтер бірқатар шектеулер жағдайындағы облыстың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Басты міндет – коронавирустың кең таралуына жол бермеу, сондай-ақ облыс экономикасына және тұрғындардың әл-ауқатына салқыны тиюі мүмкін теріс әсерлерді азайту», деп атап өтті Әлішер Әбдіқадыров.
Сонымен қатар ол карантин жарияланған аймақтардағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін тұрғындардың тізімі Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск және Абай қалалары әкімдіктерінің көмегімен жасалғанын жеткізді. Бүгіннен бастап бұл қалаларда тұратын азаматтар жұмысына барып-келуі үшін бақылау бекеттері арқылы өтетін болады.
Қарағанды облысы