• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет 22 Сәуір, 2020

Мемлекет ешкімді көмексіз қалдырмайды

310 рет
көрсетілді

Қазір әлем елдері қауіпті індеттің экономикаға, халықтың әлеу­меттік тұрмысына тигізген әсерін ескеріп, көптеген іс-шара­ларды қолға алуда. Әрине төтенше жағдай режімінің қашан да экономикалық және әлеуметтік салдары болатыны анық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік жағдайын көтеруге, түрлі салаларды қол­дауға бағытталған бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын.

Соның бірі табысынан айы­рылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсетілгенін айтуға болады. Айта­лық елімізде 3,7 млн-ға жуық адамға Мемлекеттік әлеу­мет­тік сақтандыру қорынан төтен­ше жағдай кезінде табысы­нан айырылуына байланыс­ты тө­лем­дер тағайындалды. 20 сәуір­дегі жағдай бойынша 42 500 теңгелік төлемге 7 млн 990 мың адам өтініш берген.

Бірегей өтініштердің ең көп саны Алматы облысында тіркелді. Бұл облыстың 1 млн тұрғыны жаңа төлемді алу­ға ниет етіпті. Дәл осылай­ша Түркістан облысында 990,7 мың адам, Алматы қала­сында 892,8 мың, Нұр-Сұл­тан қаласында 590,8 мың, Шымкент қаласында 532,2 мың адам өтініш берген. Ал өңірлер бойынша Алматы облысының тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған. Нақтырақ айтсақ, Алматы облысында – 534,1 мың адам, Түркістан облысында – 436,6 мың, Алматы қаласында 364 мың тұрғын аталған төлемге қол жеткізген.

Бұдан бөлек зейнетақы мен жәрдемақы индексацияланды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақыларды жыл­дық тұрғыда 10 пайызға ин­дексациялауды жүргізді. Осы­­лайша 2020 жылдың 1 сәуі­рі­нен бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері 40 441 тең­ге­ні құрады. Енді ел азаматта­ры көтерілген зейнетақы мен жәр­демақысын мамырдың төлем­дерімен қосып бірге алады.

Мемлекет тарапынан бері­л­етін тағы бір көмек – комму­нал­дық төлемдерге ай са­йын төленетін 15 мың теңге. Бұл төлем барлық азаматқа бірдей берілмейді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес (абоненттік) шоттарына екі ай бойы 15 мың теңге­ден аударып отырады. Мем­лекеттік органдардың ұсынысы негізінде төлем алушылардың келесі санаттары айқындалған. Аталған санатқа кіретін азамат­­тар төлемді алу үшін ақпа­рат­тық жүйелер немесе call-орталықтар арқылы жеке сәй­кес­тіндіру нөмірін, әлеу­меттік дәрежесін және дербес шот деректерін көрсете отырып, әкімдікке өтінім беруі керек.

Төтенше жағдай кезінде тұр­­мыстық қиындыққа ұшы­раған азаматтарға азық-түлік жиын­тығы беріледі. Бүгін­де мұн­дай көмек алатын адам­дардың саны 1,2 млн-ға жетіп отыр. Яғни көп балалы отбасылар, барлық топтағы мүгедектерді қоса алғанда, атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған азаматтар, мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар, сонымен қатар жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретін­де ресми тіркелген тұл­ғалар осы көмекті алып жатыр. Оларға барлық өңірде азық-түлік жиынтығы немесе азық-түлік жиынтығына арналған қаражат түрінде (4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде) берілуде.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәрі­герлерді қолдау туралы тап­сырмасына сәйкес Үкімет ар­найы шешім қабылдап, ме­ди­­цина қызметкерлері жұ­мысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінді. Бірінші топ – реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы ауру­лар станционарларының дәрі­герлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олардың жалақысына үстемеақы айына 850 мың теңгені құрайды. Яғни орташа айлығын қосқанда, олар айына шамамен 1 млн теңгенің үстінде алады. Екінші топ – провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметтерінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Олар­дың үстемеақысы айына 425 мың теңге болады. Орташа айлығын қосқанда олар айына шамамен 600 мың теңге алады. Үшінші топқа карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және тағы басқалары кіреді. Олар айына 212 мың теңге үстеме­ақыны қосқанда, шама­мен 380 мың теңге алады. Сон­­дай-ақ медицина қыз­мет­кер­лері­нің денсаулығы мен өмі­рін сақтандыру мәселесі де пы­сық­талған. Олар ауырып қал­ған жағдайда 2 млн теңге мөл­шерінде сақтандыру төлемі бері­леді. Құдай сақтасын, бі­рақ ме­ди­циналық қызметкер қай­тыс болған жағдайда 10 млн тең­ге мөлшерінде төлемақы беріледі.

Сондай-ақ «Тұрғынүйқұ­рылысжинақбанкі» 2020 жылғы 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемді 90 күнге шегеруге мүмкіндік берді. Шегерілген төлемге негізгі қарыз да, несие сыйақысы да кіреді. Сонымен қатар 2020 жылғы 16 наурыз бен 16 маусым аралығында уақтылы өтелмеген төлемдер бойынша айыппұл және өсім­пұл да қосылмайды.

Соңғы жаңалықтар