• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Коронавирус 22 Сәуір, 2020

Елжан Біртанов коронавирус инфекциясына тест тапсырады

247 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен ведомство қызметкерлері коронавирусқа тест тапсырады. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлімдеді.

«30 наурыздан бастап Денсаулық сақтау министрлігі толықтай қашықтан жұмысқа көшкен болатын. Сондықтан, министрлік ішінде дерт жұқтыру қаупі аз. Қызметкерлердің 90 пайызы үйден жұмыс істеуде. Жұмыста министрдің өзі және 3-4 адам ғана қалды. Олардың да әрқайсысы жеке кабинетте болғандықтан, жұқтыру қаупі аз деген ойдамыз. Дегенмен, бүгін министр Елжан Біртанов коронавирус инфекциясына тест тапсырады. Нәтижесі шыққан соң, хабарлаймыз», - деді Диас Ахметшәріп.

Оның айтуынша, қазір Денсаулық сақтау вице-министрі болған Камалжан Надыровпен байланыста болғандар анықталып жатыр. 

«Соңғы күндері Камалжан Надыров министр тапсырмасымен Алматы облысында болды. Алматы қаласында емханадан ауру ошағы шығып, дәрігерлердің арасында түсініспеушілік туғанда да, Камалжан Надыров барған еді. Әрине, қорғаныс киімін киіп, барлық талаптарды сақтады. Дегенмен, аурудың кімнен, қай жерден жұққанын анықтауымыз қажет. Ол кісі қазір қай күні қайда болғанын, кіммен кездескенін тізбектеп жазып отыр. Байланыста болған барлық адамдарға ПТР арқылы диагностика жасалады», - деді ол.

Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау вице-министрі болған Камалжан Надыров коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханаға жатқызылды. Ол Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне кірісуі керек еді.