Жыл ішіндегі айлардың сұлтаны атанған қасиетті Рамазан айы қарсаңында Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаттары мен облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің жамағаты сауабы мол іс-шараға ұйытқы бола білді. Сөйтіп «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы аясында 99 мүгедек балаға қомақты қоржындар таратылды. Азық-түліктің 22 түрі салынған сыйлықтың жалпы сомасы 2 000 000 теңгені құрайды.
Осы арқылы облыстық мәслихат депутаттары мүгедек балаларды қорғай білуді дәстүрге айналдырып келеді десе де болады. Өйткені олар бұған дейін де бірнеше рет қайырымдылық шарасын өткізуге бастамашы болған-ды. Ал бұл жолы олар көңілдері орта жеткіншектерге көмектесу үшін әрқайсысы 200 мың теңгеден қаражат жинапты.
– Ата-бабаларымыз Рамазан айында жоқ-жітік, мұқтаж жандарға көбірек көңіл бөліп, қолдау көрсетуді жөн санаған екен. Қасиетті Ислам дінінде Алла тағаланың 99 есімі бар екені айтылған ғой. Бұл тектен-тек болмаса керек. Сондықтан да біз соған сәйкес 99 мүгедек балаға қайырымдылық жасау жөнінде ортақ шешімге келдік, – деді бұл жөнінде Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елеуов.
Сондай-ақ оның әріптесі Сергей Вишняктың тұжырымдауынша, мүмкіндігі бар адам мұқтаж жандарға шын ниетімен көмек берсе, бұдан өзі де шексіз ләззат алып, көңілі жайланады. Мұндай кезде олардың алғысы мен ризашылығын алудың өзі бір мерей. Осындай қайырымдылық шарасының ортасында болғаным үшін де өзімді бақытты бір сәтті бастан кешкендей риясыз бір күй кештім деді ол бұдан әрі.
Мәслихат депутаттарының осынау жүрекжарды лебіздері олардың қоржынға қоса жан шуағын қоса сыйлағанының белгісі деп білеміз.
Ақтөбе