Қазақтың табиғи болмысы мен ерекше мәдениетінің ұлттық төлқұжаты іспеттес бекзат өнердің бірі – айтыс. ХХ ғасырдың орта шеніне таман көмескі тартып, ұлт жадынан өшіп бара жатқан төл өнерге заман сәулесін түсіріп, жандандырып, қайта түлеткен халық таланттарының ішінде – Тобылдың топжарғаны берен тілді Әсия Беркенова да жүрді. Қазақстанның халық ақыны биыл сәуірде 70 жасқа толып отыр.
Ноғайкөлден ұшқан аққу жыр
– Біз соғыстан кейінгі бесжылдықта дүниеге келген ұрпақпыз. Сондықтан әр үйдегі бала саны да шектеулі болды. Бір үйде бір ұл, бір қыздан. Үш-төрт баласы барлар өте аз еді. Ол кезде ауылда жесірлер, бір шаңырақты ұстап қалған абысын-ажындар көп. Оларға деген ағайынның қамқорлығы ерекше-тін, – дейді халық ақыны.
Әсия Әйіпқызы нағашы атасы мен әжесінің қамқорлығын көріп өсті. Атасы ағаштан түйін түйген шебер, әжесі науқас ұшықтап, құрт шақырып тіс емдейтін шипагер кісі екен. – Әжем он төрт құрсақ көтеріп, содан жалғыз анам қалыпты. Мен де анамнан жалғызбын. Сондықтан ауыл үлкендерінің мейіріміне бөленіп, ерке өстім. Мінезімнің еркіндігі, ойымдағыны бүкпесіз айта салатыным да содан болар. Атам домбырамен күй шертіп, ән салатын. Анамның да әдемі қоңыр даусы бар-тын. Қараша ауылдағы қуанышты жиын, той-томалақ домбыра, сырнайсыз өтпейтін. Ондайда ауыл әншілері «Елім-айдан» бастап зарлатып, неше түрлі халық әндерін құйқылжыта сайратып келіп, «Сәулем-аймен» аяқтайтын. Олардың салған әндерін біз де айтып жүрдік. Атам маған кішкентай кезімнен домбыра үйретті. Кешкі шай ішіліп, қазандағы ет піскенше «Арынғазы», «Қосалқа», «Келіншек» сияқты толып жатқан күйлерді тартып, ән айтып отыратын. «Батырлар жыры», «Қырық қыз» деген эпостарды кәдімгідей түн ауғанша тыңдайтынбыз. Ол кезде ауылда түнгі 12-ге дейін электр жарығы жанып тұрады. Атам маған сол жарық сөнгенше батырлар жырын оқытатын. Мені жүгіртіп, мәнерлеп, нақышына келтіріп өлең немесе қара сөз оқуға үйреткен мектептегі мұғалімдер емес, үйдегі ата-әжем еді. Ол кісілер өздері ұнатқан жыр үзінділерін оқытып, оны түзетіп, дауыс ырғағына келтіртіп қайта оқытып отырушы еді...
Ақынның туған ауылы мен ата-әжесі жайлы естелігі сағыныш лүпілдеген көңіл тебіренісіне толы. Қаршадай құлыншағының бойынан өнер ұшқынын байқаған анасы кейін сырнай сатып алып береді. Бұрыннан домбыра тартып үйренген алғыр қыз бұл аспапты да тез меңгеріп алды. Кешқұрым мал өрістен қайтып, қой маңырап, қозы жамырап, сиыр сауылып, шай қойылып жатқанда есік алдына шығып сырнаймен ән айтып отыратын.
– Көрші Зоя апай даусымды естіп радиодан ән айтып жатыр екен деп, үйіне барып радионы олай бір, былай бір бұрайды. Бірақ жаңа ғана тыңдаған ән естілмейді. Содан Сәпия деген көрші әжеміз болды, сол кісіге барып: – Сәпия, сенің радиоң емес пе, жаңа ғана сырнаймен керемет бір ән айтылып жатыр еді, – дейді. Сәпия әже: – Ол Әсия деген радио ғой, – деп күлетін көрінеді. Осылайша Әсия ауылда «радио қыз» атанып кетеді.
Әсия Әулиекөлдегі Ш.Уәлиханов мектебінде ұстазы Сағындық Досмағамбетовтен тәлім алды. Ол кезде Абай атындағы ҚазПИ-ді жаңа бітіріп келген Сағындық ағай домбырашылар ансамблін құрып, драма үйірмесін ашқан. Әсия осы мектептің үлгілі өнерпазы болды. Алғашқы ұстазы – Рафаэль Барт дейтін музыка пәнінің мұғалімі еді. Ал қазақ тілінен сабақ беретін Жұмағали Дәненов ағайы талапты шәкіртінің қанатқақты өлеңдеріне сыншы болды. Кейін мектепке Сағындық Досмағамбетов ұстазының жұбайы Ақиіс Төлешқалиева апайы келді. Ауылға келін болып жаңа түскен беті. Шәкіртінің алғашқы өлеңдерін мақтап, қолдап, қанаттандырып жүрді. Сөйте-сөйте Әсия мектеп бітірер жылы әдебиет пәні бойынша шығармасын тұтастай өлеңмен жазып шықты.
Кейін Әсия Әйіпқызы Науырзым ауданына қарасты Өлеңді орта мектебінде ұзақ жыл ұстаздық етті. Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Мектептің тынымсыз жұмысы мен ауылдың қоңырқай тіршілігіне алданып, біраз жыл өлеңнен де қол үзіп қалды. Жас ұстаздың жүрек түкпірінде қалғып жатқан ақындық өнердің қайта оянып, лаулай түсуіне себеп болған 1980-жылы Алматыда өткен республикалық аламан айтыс еді. Осы айтыстан кейін жер-жерде айтысқа деген үлкен бір құлшыныс, серпін пайда болды. Жолбарыс Баязит, Ғұмар Ахметшин, Ақылбек Шаяхмет сынды белгілі қаламгерлер бастап, сол кезде аудан-аудандарда айтыс өткізе бастады. Кезек Науырзым ауданына да жетеді. Ол айтысқа Әсия Әйіпқызы да қатысып, әйгілі Қасымхан Алдабергеновпен сөз қағыстырады. Одан кейінгі облыстық айтыстарда ешкім Әсияның алдына шыға алмады. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтысқа барды. Алматы төрінде алмастай жарқыраған алдаспан тілді ақынның есімі осы айтыстан соң дүйім елге мәшһүр болған-ды.
Жоғалған сақина
Қостанайда қазақ әйелдерінің ішінен дара шығып, ел мақтанышына айналған қос қарлығаш – Кәмшат Дөненбаева мен Әсия Беркенова. Бірі – ер-азаматтармен қатар темір тұлпар тізгіндеп, дәннен тау тұрғызып, Еңбек Ері атанса, екіншісі – сөз майданында топ жарып, елдік пен ерлікті жырға қосып, халық ақыны атанды. Нардың жүгін, ардың туын көтерген қазақтың аяулы қос қызы қарапайым өмірде де бірін-бірі аса қадір тұтып, құрметтеп өтті.
– Бірде қолындағы бір сақинасын алып, болмай менің қолыма салды. Кәмшат апаның көзіндей тағып жүрейін деп бір тойға сол сақинаны кеңдеу болса да тағып барып едім. Бір ыңғайсыз жерде қолымнан ұшты да кетті. Таппай қалдық. Соны өзім жаман ырымға жорыдым. Түйсігім алдамапты. Көп кешікпей, апамнан көз жазып қалдық... Осы жерде ақынның даусы толқып барып, үні дірілдеп, әңгіме күрт үзілді. Үнсіздік. Әппақ бет қызарып барып, екі көзден булығып ірі-ірі, ып-ыстық жас моншақтады. Иә, әдетте дүниенің ағы мен қарасын да, қуаныш-наласын да ішіне бүгіп, ешқашан сыртқа сыр бермеген, бекзат мінез бір сәтке иіп кетіп, көз жасына ерік берді. Үнсіз іштей қосыла егіліп, ақынның бой жиып алар сәтін күтіп отырмын. Нанасың ба? Маған түйіле түсіп тіке қараған ақын көз жасын сүртпестен әңгімесін әрі сабақтады. – Кәмшат апа маған өмір бойы сіз деп өтті. Мен қысылып, «Апа, маған сіз деп айтпаңызшы мен қысыламын, сіз деп айтпаңызшы», деп қаншама айтсам да, Кәмшат апа: «Жоқ, сен Алланың сүйген құлысың. Тәңірдің таңбалаған перзентісің ғой, жаным Әсия! Сен көптің бірі емессің. Мен саған сен деп айта алмаймын», дейтін. Әсия Әйіпқызы әрі қарай сөйлей алмады. Ақын үшін соншалық аяулы жанға айналған батыр Кәмшатты еске алу іштегі кермек сағынышты оятып, қаяулы көңілдің шемен шерін қозғады.
Талай аламан айтыстарда топ жарған хас жүйрік Әсия Беркенованың қолына қалам алып, өлең жазатын сәттері де аз емес. Мұндайда ақынның көңіл түкпіріндегі сәулелі сезімге оранған орамды ойлары мен сүйініш-күйініші ақ қағазға нәзік те, сұлу лирика болып төгіліп жатады.
ҚОСТАНАЙ