• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Сәуір, 2020

Жақсылық жасаудан жарысып жатқандай

200 рет
көрсетілді

Карантин біздің шаңыраққа да күтпеген жерден келді. «Көппен көрген ұлы той» ғой деп, барынша дайындалдық. Ең басты уайымымыз – мектеп жасындағы алты баланы қашықтан оқу мәселесі еді.

Мектеп әкімшілігі, ұстаздарымыз бәрін тәптіштеп түсіндіріп, байланыс жүйелерін алдын ала тексеріп, дайындық жасады. Дегенмен алты баланың керек-жарағын түгендеу оңай болмады. Несиеге теледидар, смартфон алдық. Мектеп әкімшілігі оқу жылының соңына дейін пайдалануға ноутбук берді. Осылайша сабаққа кірісіп кеттік. Міне, екі апта өтті, балалар қашықтан оқуға әбден төселіп алды. Онлайн оқудың ұтымды жағы да көп екен. Бұрын мұғалім сабақ сұрауда барлық оқушыны қамтып үлгермесе, қазір әр шәкірттің сабаққа қатысуы, үлгерімі, жауаптары көз алдыңда тұрады. Шынын айтсақ, балалардың сабақ үлгерімі жақсара бастағандай.

Елімізде Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға берілетін 42 500 теңге әлеуметтік төлем тағайындала бастағанда, алдыңғылардың бірі болып біз де үлесімізді алдық. Бұл мемлекеттің өз азаматтарына жасаған үлкен көмегі дер едім.

Енді мүлдем күтпеген бізді аяқ астынан қуанышқа бөлеген оқиға туралы айтайын. Сәуірдің 17-сі күні телефонға sms-хабарлама түсті: «Президент Жарлығына сәйкес мемлекет атынан Сіздің несиеңізді өтеу үшін 41352 теңге түсті» деген жазбаны көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Өйткені еш жерге өтініш жазып, мұндай көмек сұрамаған едік. Жалма-жан смартфондағы несие төлеу кестесіне қарасам, алдағы үш айдың несиесі төленіп тұр екен!

Осының бәрі – қиын күндерде жаныңнан табылатын, қолтықтан демейтін мемлекетіңнің болғаны жүрекке өте жылы тиеді екен. Қазір маған бүкіл Қазақстан жақсылық жасаудан жарысып жатқандай көрінеді. Еріктілер де осы істің алдыңғы сапында жүр. «Дәдем ата» жеке қорының директоры Ғарифолла Жамбозов деген азамат ұн, күріш, макарон өнімдері, өсімдік майы секілді күнделікті өте қажет азық-түлік жиынтығын жеткізді. Ерікті Айболат Құрымбаев бір дорба картоп әкелді. Олардың бәріне алғысым шексіз! «Біз біргеміз!» деген ұран жалаң сөз емес, шынайы іс-қимыл екен. Біз мұны өз шаңырағымызда сезініп отырмыз.

 

Ақмарал РАХМЕТОЛЛАҚЫЗЫ,

көп балалы ана

 

Орал