• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Сәуір, 2020

Рамазан айы құтты болсын!

7441 рет
көрсетілді

Аса қамқор ерекше мейірім­ді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Құрметті отандастар!

Барша­мызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Сіздерді исі мұсылманның ұлық айы – Рамазан­ның келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасына бақыт пен береке, бірлік пен татулық тілеймін!

Алла тағала ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жан­дардың қайырлы амалдарын қабыл еткей! Әмин!

Өздеріңізге белгілі, елі­мізде жа­рия­ланған төтенше жағдайға байланысты ме­шіт­те жамағатпен оқыла­тын намаз­дарға уақытша шектеу қойдық. Әр азаматтың өмірі мен денсаулығы қымбат құндылық болғандықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабыл­дауға мәжбүр болдық.

 

Алайда уақытша сынақ кезінде жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап есігі ешқашан жабылмайды. Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті – амалынан қайырлы. Ғаламтор желісі арқылы онлайн насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдар­ға ортақтасуға болады. Біз төтен­ше жағдай кезінде пітір садақасы мен зекетті онлайн режімде берудің оңтайлы жолын таңдадық.

Қадірлі халайық! Рамазан – жақ­сылықта жарысатын ай. Алла тағала қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 148-аятында: «...Жақсы­лықта жарысыңдар», деп әмір еткен.

Карантин кезінде ауыз бекіткен жандарға азық-түлік жеткізіп беруді ұйым­дастыр­саңыз, тіпті көмекке мұқтаж отбасыларға ауыза­шар­ға кететін шығынды ұсы­нып, оларға қар­жылай қол­дау көрсетсеңіз, Алла­ның қалауымен ауызашар бер­ген­нің сауабын аласыз. Жоғарыда айтқанымыздай, мұсылманның ниеті – амалынан қайырлы. Осы ретте барша отандастарымды қасиетті айдың құрметі үшін ақысыз демалысқа шық­қан азаматтардың пәтер ақы­сы­на мүмкіндігінше жеңіл­дік жасауға, күнделікті тұтына­тын тұрмыстық заттар мен азық-түлік бағасын барынша төмендетуге, күллі жаман­дықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына шектеу қоюға, көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге шақырамын.

Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, кері­сінше берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Ендеше көмекке зәру шаңырақты шат­тыққа бөлеп, үлкеннің бата­сын алып, алғысына бөленейік.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсыл­манның бір қайғысын сейіл­тсе, Алла оның қайғы-қасірет­терінің бірін сейілтеді», деген. Халық даналығында айтылатын: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», деген нақыл сөздің мәні осы болса керек.

Құрметті жамағат! Рамазан – тәубе мен тәрбие, тақуалық пен қанағат, шүкір мен сабыр, мейірім мен қайырымдылық, береке мен бірлік айы. Ораза – сауап жинап, рухани кемелдену айы. Түйіндеп айтқанда, Рамазан – Раббымыздың мейірім-махаббатына бөленетін ай. Алла Тағала Құдси-хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», деген. Ендеше берекелі айдың берекетінен құр қалмайық, халайық. Жәннат есіктері ашылатын айда жақсылықта жарысайық. Алла тағала ниетіміз бен амалымызды қабыл етіп, баршамызды Рамазаннан Рамазанға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей!

Жер бетінде жұқпалы індет жойылып, ораза айтты мешітте қарсы алып, қуанышты сәтте қауышуды жазғай! Жаратушы Иеміз жұртымызға жар болғай, елімізді аман, жерімізді тыныш еткей! Әмин!

Рамазан айы құтты болсын!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти