Карантин көп кәсіпкерлердің саудасын тежегені рас. Сатудың заманауи тәсілдерін қолдана алмағандар кәсібін уақытша тоқтатты, төтенше жағдай кезеңіне бейімделе алғандар ісін жүргізіп жатыр.
Сондай жандардың бірі әшекей бұйымдар жасайтын жас шебер – Меруерт Асқарова. Бүгінде сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, онлайн курстар арқылы тәжірибесімен де бөлісуде.
Меруерт небәрі 24 жаста. Екі баланың анасы. Шыны керек, қазіргі уақытта әшекейлерге тапсырыс берушілер азайған. Дегенмен, шеберге бұл кедергі емес. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанында ұйымдастырылған «Жас кәсіпкер» курсын тәмамдап, грант ұтып алған болатын. Соған арнайы құрылғылар сатып алып, үйде оқшауланып отырған қыз-келіншектерге сабақ беруді бастап кеткен.
–Онлайн сабаққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен, әр қалаларынан қатысып жатыр. Аптасына 6 рет өткіземін. Жұмыс істеген кезде Кореяның, Италияның фурнитураларын пайдаланамын. Әр кәсіпкер өз ісін сүйіп жасаса, оның нәтиже берері анық. Қазір онлайн курсыма кемінде 20 қыз жазылуда,–дейді жас кәсіпкер Меруерт Асқарова.
Меруерт 4 жыл ішінде осындай әшекей бұйымдардың екі мыңға жуығын жасап үлгерген. Оны инстаграм қолданушылары әлеуметтік желіде Mika_Kameli деп таниды. Онлайн сабақтарды да осы парақша арқылы өткізеді. Әшекей бұйымдары көздің жауын алады. Түрлі алқалар, сырға жүзіктер, шашқа арналған бұйымдар бәрі де ерекше үлгіде жасалған.