• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Коронавирус 24 Сәуір, 2020

Әлемдегі ахуалға шолу: Еуропа Одағы экономиканы қалпына келтіру үшін триллион қорын құрмақ

317 рет
көрсетілді

Бұл топтамада әлемнің 185 елінде тараған COVID-19 вирусына қатысты соңғы жаңалықтарды жариялап отырамыз.

23 сәуірде Johns Hopkins University (JHU) ұсынған мәлімет бойынша вирус жұқтырғандар саны - 2 708 885, өлім саны - 190 858, айыққандар саны - 738 486 адам болды (жаңартылған уақыты 10:33).

17:01

Еуропа Одағы экономиканы қалпына келтіру үшін триллион қорын құрмақ

ЕО көшбасшылары бейне байланыс арқылы пандемиямен күреске арналған саммит өткізді. Олар коронавирус індетінен аса зардап шеккен елдерге және еуропалық компанияларға көмек көрсету үшін арнайы қор құруға шешім қабылдады. 

Қор алдағы екі ай ішінде құрылуы керек. ЕО-да шамамен 1,5 трлн еуро жиналады деп үміттенеді. Осылайша, 1 маусымға қарай кәсіпкерлер мен жұмысшыларға көмек көрсету үшін 540 млрд еуро сомасына несие пакеті дайын болады.

15:50

Ресейде өткен тәулікте COVID-19 вирусын жұқтырған тағы 5 849 адам тіркелді

Олардың 46,1%-ында аурудың еш клиникалық белгілері байқалмаған. Елде жақында 60 адам көз жұмып, 677 науқас жазылып шықты.  

Ресейде барлығы 68 622 вирус жұқтырған науқас анықталған.

Украинада коронавирус инфекциясын 477 адамның жұқтырғаны анықталды

Қазіргі Украинада барлығы 7 647 адамның вирус жұқтырғаны анықталған. Бұған қоса, елде тағы 97 адам ауруынан айықты. Коронавирусты жеңіп, сауығып шыққандардың жалпы саны 601-ге жетті. 

Италияда 2 646 адам вирус жұқтырды

Италияда вирус жұқтырғандардың жалпы саны 189 973-ке жетті. COVID-19-дан соңғы деректер бойынша тағы 464 адам көз жұмған. Жалпы қайтыс болғандар саны — 25 549. Жазылып шыққандар саны 57 576 адамға жетті. Коронавирусты анықтауға 66 000-ға жуық тест жасалды.

АҚШ-та COVID-19 жұқтырғандар саны 869 мыңнан асты

Коронавирус инфекциясынан 47,8 мыңнан астам адам көз жұмған. АҚШ-та соңғы 10 күнде қайтыс болған адамдар саны 2 есеге артты. 84,1 мың адам ауруынан айығып шықты. 

Беларусьте вирус жұқтырған тағы 741 адам тіркелді

Бұл елде барлығы 8 022 адам қауіпті вирус жұқтырған. Бұған қоса, жақында тағы 2 адам көз жұмды. Жалпы 60 науқас коронавирустан қайтыс болды.

Қытайда өткен тәулікте COVID-19-ды алты адам жұқтырған, өлім-жітім тіркелген жоқ

12:10

Әлемде Рамазан айы қалай басталды?

Бүгін дүниежүзіндегі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айы басталды. Әлемді жайлаған пандемиямен тұспа-тұс келген биылғы Рамазан түрлі елде қалай басталды?

Түркия коронавирустың таралуын тоқтату үшін 31 провинциясында төрт күндік шектеу жариялады. 

Халық көп жиналатын діни шаралар болмайды және ауызашарға арналған арнайы орындар да жабық болады.

Наубайханалар ауызашар алдында екі сағат бұрын нан сатуды тоқтатады. Бұл - адамдардың көп шоғырлануын болдырмаудың амалы, себебі ораза ұстаушылар арасында ұлттық нан аса танымал. Ауызашар уақытынан кейін әрі қарай жұмысын жалғастыра береді. 

Базарларда адамдардың ара қашықтық сақтауы және маска тағуы қадағаланады. 

Мешіттер жабық, ел билігі құлшылықты үйде отбасымен жасауға шақырды.

Индонезия провинциялар арасында аса қажет емес сапарларды шектеді.

Елде әуе рейстері 1 маусымға дейін, ал теңіз саяхаты 8 маусымға дейін тоқтатылған. 

Рамазанның алғашқы күніндегі құлшылық/ Медан қаласы, Солтүстік Суматра провинциясы

Египетте енгізілген қатаң шаралар Рамазан айымен бәсеңдей бастайды. Кейбір бизнестер қайта ашылуға рұқсат алды. Түнгі коменданттық сағат уақыты да қысқарды.

Сауда орталықтары мен өзге бизнестер демалыс күндері ашылады, бірақ кешкі сағат 5-те жабылуы керек.

Мешіттер жабық және барлық діни жиындарға тыйым салынған.

 

Біріккен Араб Әмірліктері жалпыұлттық коменданттық сағатты екі сағатқа қысқартты.

26 наурыздан бастап тәулік бойы коменданттық сағат енгізілген Дубайда билік коменданттық сағатты таңғы 6-дан кешкі 10-ға дейін тоқтатқанын мәлімдеді.

Дубайда дәмханалар мен мейрамханаларға жұмыс істеуге рұқсат етілді, ал сауда орталықтары түстен кешкі 10-ға дейін ашық болады.

Қоғамдық көлік қызметтері жексенбі күні қайта іске қосылады, бірақ жұмысқа шыққан қызметкерлердің 30 пайызы күн сайын дене қызуын өлшеп тұруы керек.

Мешіттер, кинотеатрлар мен балалар алаңдары әзірге жабық.

Алжир түнгі коменданттық сағатты қысқартатын болды. Одан бөлек толығымен жабық болған ел астанасына жақын маңдағы провинция кейбір шектеулермен қайта ашылады. Бұл туралы кеше бейсенбіде премьер-министрдің кеңсесі хабарлады.

11:13

Испания карантин режимін бәсеңдетуді жоспарлап отыр

Кеше елде коронавирус инфекциясынан тағы 440 науқас қайтыс болды, бұл одан алдыңғы тәулікте қайтыс болғандардың санынан көп. Тағы 4 635 адамның вирус жұқтырғаны анықталды.

Жалпы алғанда, Испаниядағы коронавирустан көз жұмғандар саны 22 мың адамнан асты.

Дегенмен Испанияда індеттің таралуы бәсеңдеп келеді. Ел үкіметі карантин режимін мамыр айының ортасынан бастап әлсіретуді жоспарлап отыр. 

14 жасқа толмаған балаларға осы жексенбі күні далада серуендеуге рұқсат етіледі. Бұған дейін оларға үйден шығуға тыйым салынған еді.

10:23

Оңтүстік Кореяда өткен тәулікте алты адамның вирус жұқтырғаны, 90 адамның сауығып шыққаны белгілі болды

Қайтыс болғандар саны өскен жоқ, балығы 240 адам. Елде вирус жұқтырғандардың жалпы саны 10 708-ге дейін өсті, барлығы 8 501 адам жазылып шықты. 

Коронавирус жұқтырған адамдар санының ел ішінде азаюына байланысты билік жеңілдетілген әлеуметтік қашықтықты сақтау режимін 5 мамырға дейін ұзартты. 

Саябақтар, табиғатта демалу орындары қайта ашылады, спорт, дін және ойын-сауық нысандары шектеулі түрде қызметін қайта жалғастырады. Ел билігі азаматтардан бұрынғысынша халық көп жиналатын жерлерге бармауды, үйден себепсіз шықпауды, алдын алу шараларын сақтауды сұрады. 

Оңтүстік Корея Үкіметі барлық азаматтарға коронавирусқа байланысты материалдық көмек көрсететінін жариялады. 

10:02

Дүниежүзінде коронавирус инфекциясын жұқтырған 2 708 885 адам тіркелген.

Қайтыс болғандар саны 190 858 адам, жазылып шыққандар 738 486 адам.