• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Сәуір, 2020

Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыс нығая түскен

140 рет
көрсетілді

Омбы қаласындағы Қазақстан Республикасының елшілігіне және «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымына соңғы апталарда Ресейден Қазақстанға оралуға көмек сұраған бір де өтінім түспеген. Түрлі себептермен шетте жүрген отандастарымыз уақытылы елге оралыпты.   

«Біз біргеміз» акциясы қазақстандықтарды ғана емес, шет ел қазақтарын да жұдырықтай жұмылдырды. Төтенше жағдай жарияланғалы Новосібір, Түмен және Омбы облыстарындағы қазақ қауымдастықтарының белсенділері қазақстандықтарды елге қайтаруға жәрдемдесе бастады. Коронавирус пандемиясының таралуына байланысты шекаралар жабылып, әуе және теміржол, тіпті автобус қатынасы да тоқтады. Отандастарымыз шекарадан өтуге қатысты қиындықтарға тап болды. Қазақ қоғамдастығының белсенділері дер кезінде көмекке келді.  

–Транзиттік байланыс ұйымдастырылды. Яғни, автокөліктер Ресей елінен шекараға дейін жеткізіп, әрі қарай шекараны жаяу жүріп өтті. Одан соң біздің әріптестер оларды қарсы алды. Осылайша 12 адам тасымалданды. Оның 4-і біздің серіктестеріміздің қаржыландыруымен елге жеткізілді. Мысалы, Томск және Ханты-Мансийск  қалаларындағы жерлестеріміз Қазақстанға жету үшін Омбыға дейін барып, сол жерде тұрақтауы керек болды. Біз Ресейде және Қазақстанда оларға көмек көрсететін ерікті топтар құрдық. Қазақстан елшілігі де көмекке көп адамдарды жіберді,–дейді «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы Қуаныш Елеутаев.   

Қазіргі уақытта Омбыда 100 мың қазақ тұрады. Бұл жалпы халық санының 4 проценті. «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымы белсенділердің қатарында. 12 жылдан бері ұйым қазақ мәдениетін насихаттап келеді. Біраз жобалар іске асты. Биылғы жылдан бастап наурыз мейрамы қалалық жоспарға енді, демек оған қала әкімдігінен қаражат бөлінетін болады. 

–Біздің Қазақстанмен әріптестігіміз ежелден ажыраған жоқ, жалғаса береді. Қазақстандық «Отандастар» қорындағы әріптестерімізбен бірге атқаратын көптеген жобаларымыз бар. Мысалы, қазақ тілін үйрететін онлайн курстар ашу ісі. Ресей балалары аптасына үш рет Нұр-Сұлтан қаласындағы студияның тікелей эфиріне қосылып тіл үйренуде,–дейді «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының мүшесі Салтанат Кеншінбаева.

Омбы қаласында тамыз айында жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі «Еуразия байлығы» көрмесі өтеді. Қазақстандық тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынады. Айта кетейік, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының тауарлары омбылықтар арасында үлкен сұранысқа ие. Қала әкімдігі үш күн бойы қазақстандықтарға қоймалар мен сатылым көрмеге арналған алаңқайларды тегін ұсынатын болады. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай да бірқатар шара ұйымдастырылады. Әрине, әлемде орын алып отырған уақытша қиындық тезірек аяқталса, – дейді қоғамдық ұйымның өкілдері.

 

Ақмола облысы.