Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы көктемгі егіс науқаны барысын айтып берді.
«Карантиндік жағдайға қарамастан, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер көктемгі дала жұмыстарының мерзімін сақтауда. Егіс науқаны 7 өңірде жүргізілуде. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жаздық егіс алқабының 16-дан 80%-ға дейіні егілді. Жамбыл облысында 326 мың га, Алматы облысында – 239 мың га, Түркістан – 230 мың га, Қызылорда – 28 мың га егін егілді», деді Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ ол Батыс Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстарында егін егу басталғанын айтты.
«24 сәуірдегі жағдай бойынша республиканың қалған өңірлерінде егіс алдындағы жұмыстары жүргізілуде. Өңірлер арзандатылған жанар-жағармаймен, тұқымдармен қамтамасыз етілген, тыңайтқыштарды жөнелту жүргізілуде. Техникалар дайын», деді ол.