Ұлы Жеңіс күніне де санаулы күндер қалды. Осынау бейбіт күнге әулиеаталық ардагерлердің де қосқан үлесі зор. Бүгінде олардың кейбірі өмірден өтіп кетсе, кейбірі әлі күнге дейін ортамызда жүр. Сондай жандардың бірі – бүгінде 95 жасқа толып отырған Ұлы Отан соғысының ардагері, Жамбыл облысының және Тараз қаласының Құрметті азаматы Тілеуқабыл Төребеков.
Бүгін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ардагердің шаңырағында болып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құттықтау хатын тапсырды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз хатында аға ұрпақ Тілеуқабыл Төребековті мерейтойымен құттықтайтынын жеткізіп, оның өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болып табылатынын атап өткен.
Тілеуқабыл Төребеков Кеңес Әскерінің қатарында милитаристік Жапониямен соғысқан ержүрек майдангер. Ал, соғыс аяқталған соң Жамбыл облысының дамуына үлес қосты. 1950-1966 жылдар аралығында ол облыстық партия комитеті бірінші хатшысының көмекшісі, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Жамбыл қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, 1970 жылдан 1983 жылға дейін Жамбыл қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Тілеуқабыл Төребекұлы құрметті демалысқа шыққанда да қоғамдық жұмыстан тыс қалған жоқ. 1995 жылдан 2015 жылға дейін облыстық Ардагерлер кеңесін басқарды.
Ол ІІІ дәрежелі Даңқ, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, 13 медальмен, оның ішінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Алты бала тәрбиелеп өсірген.
Бердібек Сапарбаев қариямен әңгіме барысында ардагердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін, оның ұйымдастырушылық қабілетін және біліктілік қасиеттерін атап өтті. Сонымен қатар, өңір басшысы Тілеуқабыл Төребековті Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, ардагерге 1 миллион теңгелік сертификат табыс етті.
Жамбыл облысы