• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Сәуір, 2020

Ақмолада қауіпті дерт қатаң бақылануда

141 рет
көрсетілді

Ақмола облысында 6 мыңнан астам тұрғын коронавирус инфекциясына тест тапсырған. Бұл туралы өңірлік жедел әрекет ету штабының отырысында мәлім болды.

Өңірде карантин талаптарын сақтау бойынша жағдай тұрақты. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салалары бойынша кәсіпкерлікті қолдау тетіктеріне тоқталып, әлеуметтік маңызы бар сауалдарды талқыға салды.  Ақмола облысында карантин режимі 31 наурыз күні енгізілген еді. Сәуірдің 8-і мен 12-сі аралығында қосымша шектеу шаралары қолданылды. Бұл індеттің таралуын тежеуге ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда облыс аумағындағы жағдай тұрақталып, ауру жұқтырғандардың өсу көрсеткіші 1,2 процентті құраған.

– Бүгінгі таңда 726 адам медицина мамандарының бақылауында. Оның ішінде ауруханаға жатқызылғаны 406 адам. Үй карантинінде 524 адам. Коронавирус инфекциясының расталған жағдайы 93 адам. Емделіп шыққандар 20, 36 адам шығуға дайындалуда. Оның ішінде 22 адам 65 жастан асқандар,–деді Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев,–ең бастысы, адамдар  карантин талаптарын бұлжытпай орындауы керек.

Өңір басшылығы көктемгі егіс науқаны үшін тиісті қолдау шараларын қолға алып отыр. Сондай-ақ, саяжайлары бар қала тұрғындарының өтінімдері де талқылану үстінде.

–Таяуда облысқа Минсктен 40 адам келді. Олар екі күн бойы тексеруден өтіп, тест тапсырды. Бұл азаматтар Бурабай аумағындағы санаторийлерге орналастырылған болатын. Тиісті жатын орын мен тамақтануын қамтамасыз еттік. Тест қорытындысы теріс, яғни ауру жұқтырғандар анықталған жоқ.  Сонымен қатар, сәуірдің 22-сінен  23-іне қараған түнде Омбы қаласынан 80 студентіміз келді. Олар да тиісті тест тапсырып, карантинге алынды. Жуық арада сынамалардың нәтижесі белгілі болады,– дейді облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.       

Қазіргі таңда Көкшетаудағы «Олимп» диагностикалық клиникасында 3 мың тест бар. Одан бөлек облыстық медициналық мекемелер тағы 7 мың тестпен жабдықталған. Целиноград ауданына қосымша 5000 жылдам тест жөнелтіледі. Төтенше жағдай режимі басталғалы 6 мыңнан астам ақмолалық коронавирусқа тест тапсырған. Олар негізінен қауіпті аймақта қызмет етіп жүрген күш құрылымдары мен медицина мамандары.

 

Көкшетау қаласы