Бүгінде Жамбыл облысында «Jardem 109» бірыңғай байланыс орталығы базасында коронавирусқа қарсы әрекет ету бойынша өңірлік жедел штаб құрылған. Штаб құрамында облыс әкімдігінің, салалық басқармалардың, төтенше жағдай, полиция, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының, «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесінің және басқа да қызметтердің өкілдері бар.
Аталған штаб жұмысы әлеуметтік қорғау және еңбек қатынастары, жеке тұлғалардың қозғалысы, көлік пен тауарлар, медициналық, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік және тағы да басқа мәселелермен бірге, өңірдің тіршілік әрекетінің негізгі жеті бағытын да қамтиды. Штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Тұрғындар 109 нөмірі бойынша мемлекеттік бағдарламалар, төтенше жағдай және карантиндік режимнің енгізілуіне байланысты әлеуметтік төлемдер, көлік қозғалысы және басқа да мәселелер бойынша кеңес ала алады. Ағымдағы жылғы 23 наурыздан бері жедел штабтың байланыс орталығына 10 мыңнан астам өтініш түскен. Сондай-ақ, қазіргі кезде жедел штаб қызметкерлері бейнебақылау камераларымен жабдықталған 44 блок-бекеттің жұмысын онлайн режимде бақылауда. Жаңа байланыс-орталығының артықшылығы – бүгінгі таңда онда келіп түскен кез-келген өтінішке тиісті деңгейде жауап бере алатын салалық мамандар бар. Жуырда ғана жедел штабтың көмегімен Ресей мемлекетіне табыс табу үшін барған Тараздың екі тұрғыны оралды. Олар амалын тауып Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка ауылына жетіп алады. Олар сол ауылдағы жергілікті әкімдіктен Жамбыл облысының жедел штабына хабарласып, жедел әрекеттің арқасында үйлеріне келді.
Жамбыл облысы