Атырау облысындағы «Caspian Contractors Trust Atyrau» ЖШС-нің зауытында ғимараттар мен эстакадалар, көпірлер, фермалар, тіректер мен модульдер, көлемі 20000 текше метрге дейінгі резервуарлар, ыдыстар, реакторлар, шырақты жүйелер, мұнаралар, көтергіш жабдықтар, сонымен бірге, кез келген күрделі құбыр бекіткіш жобаланады.
Бұлардың бәрін серіктестік мамандары 80 мың шаршы метр аумақта орналасқан өндірістік базада дайындайды. Былтыр серіктестіктің өндіріс көлемі 8 млрд теңгені құрады. Серіктестіктің бас директоры Нұркен Есқалиевтың айтуынша, кәсіпорынның өндірістік базасында жылына 24 мың тонна металл конструкцияларын шығаруға болады.
– Біз 2016 жылы реконструкциялаудың бірінші кезеңін аяқтадық. Соның арқасында зауыттың өнімділігі 10 есеге артты. Қазір кәсіпорында 450 адам жұмыс істейді. Біздің тапсырыс берушілеріміз – Қашаған, Теңіз, Қарашығанақ кен орны секілді халықаралық жобаларда жұмыс істейтін ірі операторлар. Бұл жобалардағы компаниялардың барлығы біздің өнімдерімізді тұтынады. Биыл біз ыстықтай мырыштау цехын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ металл құрылымдары мен технологиялық жабдықтардың кешенді жеткізушісі ретіндегі позициямызды күшейтуді көздейміз, - дейді Нұркен Есқалиев.