• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Сәуір, 2020

Прироста қалған жауынгер

651 рет
көрсетілді

Кеңес Одағы кезінде 1 мамырда Халықаралық ынтымақ күні деген мереке болып, бүкіл ауыл еңбеккерлері шеруге шығатын. Әдетте, әлемдегі еңбекшілердің басын біріктіретін мейрам саналатын 1 мамырдағы бейбіт шеруді ІІ дүниежүзілік соғыстан аман келген, кеудесі орден, медальдарға толы майдангерлер бас­тап жүреді. Олардың кейбірі әскери киімдерін киіп алады. Бәрі көңілді, қуанышқа толы, нағыз бейбітшілік мерекесі болады.

Шеру аяқталып үйге келгенде ата-анамызға соғыс ардагерлері туралы сұрақ қойылады. «Әке, сіз­ соғысқа бардыңыз ба?». «Жоқ, қарағым, мен жас болдым ғой». «Біздің соғысқа қатысқан аға­ларымыз, аталарымыз бар ма?». «Аң­далы ағамды әскерге шақырып алып кеткенде «Соғысқа кетті, соғысқа кетті» деп жүретін туыс­тарымыз. Ол 1945 жыл екен, көп ұзамай «Соғыс бітті» деген хабар келіп, қатты қуандық» деді әкем. Сол кезде әңгімеге анам қосылады. Сөйтсек нағашыларымыз да соғыс өртінен сырт қалмапты. Анамның ағасы, милиция қызметкері болып істейтін Нұртаза соғыстан жараланып келген екен. Соғыста ауыр жарақат алғанымен қоса, контузияға ұшыраған, жүйкесі сыр берген. Соның салдарынан отау көтеріп, үйлене де алмады. Одан кіші нағашымыз Қайырша да финдермен болған соғысқа қатысудан бастап, Батыс майдандағы біраз шайқасқа қатысқан екен. Еріксіз тұт­қынға да түскен, кейіннен Отан­ға адал екені дәлелденіп, бірталай қиындықпен елге оралыпты. Ал анамның кіші ағасы Нәдірше хабарсыз кетіпті. «Қалай хабарсыз кетті?» дейді баланың сұрағы. Солай, соғыста сондай жағдайлар болады екен. «Хабар-ошарсыз кетті» деген хат келіпті.

Сәл есейгенде Нәдірше наға­шым туралы анамнан сұрай бас­тадым. Нәдірше Баймұратов 1928 жылы дүниеге келген. Соғыс жү­ріп жатқанда жасы жеткендер жаппай соғысқа аттанып жатады. Отан қорғауға алдымен коммунистер, сосын комсомолдар өз ерік­терімен кетеді. Тіпті қыз-келіншектер де қарап қалмайды, сұранып майданға аттанғандары көп болады. Осындай аласапыран заманда жасы жетпесе де 16 жастағы бозбала жасын үлкейтіп жаздырып, сұранып жүріп 1944 жылы майданға аттанады. Ғалам­тордағы деректерге қарап, оның 1944 жылы 10 желтоқсанда Мақат аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылғанын көреміз. Жақын адамы ретінде тек анасы Рысты Төреханова жазылған.

Анамыздың айтуынша, Нә­дірше нағашымыз қыраулы қыс­тың бір күні «Соғысқа кетіп барамын» деп қоштасуға келеді. Анам ол кезде 9 жаста, аяғы жазатайым күйіп қалып, Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласында ауруханада жатады. «Қанзым, мен соғысқа кетіп барам. Аман бол!» дейді палатаға кірген ағасы есік алдында тұрып. Анамыз тұра алмайды, аяғы күйік шалған, жол болсын айтып қала береді. Бұл Нәдірше нағашымды соңғы көргені екен.

Кейін «Немістің бір үлкен қаласына жақын тұрмыз. Ертең шабуылға шығамыз» деген сарында бір хат қолдарына тиеді. Одан кейінгісі «хабар-ошарсыз кетті» деген қысқа хат қана.

«Сонда оны іздемедіңіздер ме?» дейді көкейге келген сауал. Із­дейді. Әкесі Сәлімгерей әскери комиссариат арқылы бірнеше мәрте іздеу салады. 1953 жылы 21 қыркүйекте Мақат аудандық әскери комиссары Севрюктің соғыста қаза болған және хабарсыз кеткен қатардағы жа­уынгерлер мен сержанттар есебі жөніндегі Мәскеу қаласындағы бөлім бастығына жазған №1767 хатына «хабар-ошарсыз кетті» деген хат тағы келеді.

Бұл арада кеңес заманында «хабар-ошарсыз кетті» деген жауынгерлерді қатты іздемейтінін де айта кеткен жөн. Шыны керек, ол санаттағы кейбір жауынгерлер тұтқынға түсіп, жат елде қалып қойғандары да болды. Тағдыры тәлкекке түскен оларды туған ел­де сатқын санады, туыстары жа­зықсыз қудаланды, лауазымынан босатылды, еріксіз жұмыстан шығарылды. Алайда Нәдірше нағашымыз сұраусыз қалған жоқ. Анамның ішкі істер жүйесінде қызмет еткен үлкен ағасы Мұзафар Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) органдары арқылы да іздеу салады. Алайда оған да «хабар-ошарсыз кетті» деген жауап қолға тиеді.

Дүние дамыған, коммуникация өркендеген, мұрағаттар ашылған, елдер арасында ғаламтор арқылы шексіз байланыс орнаған бүгінгі заманда Нәдірше нағашымның дерегі таяуда шыға келді. Ол әйгілі Қызыл тулы гвардиялық 120-шы Рогачев дивизиясының құрамындағы Александр Невский орденді 339-шы атқыштар пол­кінде жауға қарсы соғысқан екен. Суворов және Кутузов орден­деріне ие Қызыл тулы 120-шы гвар­диялық атқыштар дивизиясы 1942 жылдың 23 ақпанындағы Сібір әскери округінің әскер жөніндегі бұйрығымен 308-ші атқыштар дивизиясы ретінде Омбы қаласында құрылған. Бұйрықта 1942 жылдың 15 маусымына дейін Омбы қаласында 308-ші атқыштар дивизиясын құру туралы айтылады. Оны орындау М.В.Фрунзе атындағы Омбы әскери-жаяу әскер училищесінің бастығы полковник Леонтий Гуртьевке тапсырылды.

308-ші атқыштар дивизиясы сол жылдың мамыр айының соңында Приволжский әскери округіне қоныс аударып, қыркүйек айында Сталинград маңында соғысқа кіріседі. Сталинград маңындағы қырғын соғыста 308-ші атқыштар дивизиясы жауға қарсы аяусыз күреседі. Омбыда құрылған бұл дивизияны ауыз екі әңгімеде «сибиряктар» деп атайды. Сталинград шайқасындағы ерлігі үшін 308-ші дивизия Қы­зыл ту орденімен марапатталып, көптеген жауынгерге «Ста­­лин­градты қорғағаны үшін» медалі беріледі. «Красная звезда» газетінің 1942 жылғы 18 қазандағы санында «сібірлік» дивизия туралы бір дерек бар. Онда қолға түскен фашист офицері бірінің сөзін келтіре отырып «Бізге қарсы өлімнен қаймықпайтын әскерлер шайқасты, бізге қарай атойлап шабуылдағанда оларды оқ та, от та тоқтата алған жоқ. Кейін маған олардың қазақтар екенін айтты. Бұрын қазақтар туралы естіген емеспін», деп жазады.

Дивизия 1943 жылдың жазында Орел-Курск доғасындағы ұрыстарға қатысады. Орел қаласын азат етеді. Осы бағыттағы ерліктері үшін 308-ші атқыштар дивизиясы Қорғаныс халық комиссарының бұйрығымен 120-шы гвардиялық дивизия атына ие болады.

120-шы гвардиялық дивизия 1944 жылы 24 ақпанда Днепр өзенінен өтіп, Беларусьтің ежелгі Рогачев қаласын азат етеді. Сол күні Мәскеуде осы қаланың азат етілуіне орай салют атылып, Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен 120-шы гвардиялық дивизияға Рогачев құрметті атағы беріледі. Дивизия осы жылы жазда Батыс майдандағы жаппай шабуылға қатысады. Бірқатар елді мекен, оның ішінде Польшаның тарихи Белосток қаласы азат еті­леді. Дивизияға ерлікке толы шай­қастары үшін Белосток құрметті ата­ғы да бе­ріледі.

1945 жылдың қаңтарында Шығыс Пруссия жерінде шабуыл басталады. 1944 жылғы 10 желтоқсанда әскерге алынған Н.Баймұратов қаңтар айында майданға жетіп, әйгілі осы ша­буылға қатысады. Екі айдан ас­тамға созылған сібірлік гвардияшылар үздіксіз шайқаспен Фриш-Гаф шығанағында Балтық теңізінің жағасына шығады. Шығыс Пруссиядағы Ворледей мен Мельзак қалаларына шабуыл­даудағы ерекше ерлігі үшін 120-шы гвардиялық дивизия II дәре­желі Кутузов орденімен, ал Хай­лигенбайль қаласын ал­ғаны үшін II дәрежелі Суворов ор­денімен марапатталды. Маршал Г.Жуков басқарған 1-ші Белорус майданындағы 3-армия әскерінің құрамында 120-шы гвардиялық дивизия жауынгерлері Берлинге шабуыл операциясына да қатысты. Гитлершілер оңайлықпен қаруын тастаған жоқ. Қырғын соғыс бол­ғаны ақиқат. 21 сәуірде кеңес әске­рі Берлин қорғанысын бұзып, 26 сәуірде қала маңы толықтай кеңес әскерінің қолына өтеді. Ұрыс қала ішінде жалғасады.

Ал 120-шы гвардиялық диви­зияның 339-атқыштар полкіне келсек, олар Берлиннің оңтүстік-шығыс өңірінде қоршауда қал­ған фашист әскерлерінің үл­кен тобымен айқасқа түседі. «Совинформбюроның» мәлі­­ме­­тінше, дұшпанның әскері топ-тобымен шабуылға шығып, батыс беткейге шегінеді әрі одақтастар әскеріне берілуге әркет­тенеді. Кес­кілескен ұрыс­тарда жаудың мыңдаған солдаты мен офицерлері жер жастанады. Көптеген қару-жарақ, минометтер мен пулеметтер, автомашиналар мен басқа да әскери мүлік қолға түседі.

Осы атқыштар полкінің штаб бастығы майор Мариничевтің жауынгерлік іс-қимыл туралы жазбасында біздің атқыштар 45,0 санымен белгіленген төбенің маңайында жаудың бетін қайта­рады. Одан әрі 283-атқыштар диви­зиясының жауынгерлерімен бірлесе отырып Вендишбухгольд, Хаммер, Прирос елді мекендері маңында аяусыз ұрыс салады. Ғаламтордағы әскери карталар мен деректерде бұл аймақта фашис­тердің танкі және бронды машиналы, зеңбірек, миномет, пулеметпен мұздай қаруланған әскери құрамалары мен таңдаулы СС әскері шегіне жүріп, шайқасқан екен. Сол шайқастардың бірінде, Берлиннің оңтүстік-шығысында Бранденбург провцинциясына қарасты Вустерхаузен уезінің Прирос елді мекені маңындағы 30 сәуірдегі қырғын ұрыста Нәдірше нағашым қаза табады. Ол 120-гвардиялық атқыш­тар дивизиясының қаза болған­дар тізімі жазылған полк журна­лындағы деректерде Прирос ел­ді мекеніндегі алаңдағы дивизия зиратында 1945 жылы 30 сәуір­­де, жеңіске санаулы күндер қалғанда жерленген болып шықты. Журналдағы жазу бо­йынша 120-гвардиялық атқыштар дивизиясындағы 339-полктің 4-атқыштар ротасының қатардағы жауынгері Нәдірше Баймұратовқа 1-ші қатардағы 4-орыннан топырақ бұйырыпты.

Бұл полк одан кейін де Бер­линнің оңтүстік-шығысындағы қоршауда қалған фашистердің көптеген құрама отрядтарымен де шайқасады. Мамырдың ба­­сында дивизия Германияға терең­дей беру жөнінде бұйрық алады. Гвардияшыл жауынгерлер 5 мамырда Потсдам, Бранденбург және басқа қалалар арқылы Эльба өзеніне жетеді. Сөйтіп 120- гвардияшылардың ұрысқа толы жауынгерлік жолы Эльбада аяқ­талды. Көптен күткен Жеңіс күнін осы маңда қарсы алады.

Неміс-фашист басқыншы­лармен шайқастарда көрсеткен ерлігі мен ержүректігі үшін ди­ви­­зия­ның 18 мыңнан астам жауын­гері ордендермен және медальдармен марапатталады.

 

Серік ҚАРАЖАН,

журналист