«Астана Операның» атақты солистері мен Италия, Мексика, Жапония, Қытай, Румыния, Грузияның әлемдік деңгейдегі опера жұлдыздары, сонымен қатар «Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары миллиондаған тыңдарманның сүйікті ‘O sole mio неополитандық әнін онлайн орындады.
Жобаға Еуропа, АҚШ және Оңтүстік Американың ірі театрларында жұмыс істейтін атақты мексикалық тенор Гектор Сандоваль мен Еуропада аты мәшһүр грузин теноры Георги Ониани атсалысты. Олардың әріптестері – жапониялық тенор Наоюки Окада, румын сопраносы Адела Захария және танымал қытай әншісі Жоу Фан да шығармашылықтағы бірлестік үшін шексіз қуанышын білдірді.
Қазақстандық опера сахнасының жұлдыздары: «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы Орденінің Кавалері, әлемнің үздік сахналарында өнер көрсетіп жүрген Медет Чотабаев, «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Россия К» телеарнасындағы «Большая опера» халықаралық жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, «Астана Опера» театрының солистері, тамаша сопрано иелері Жамиля Жарқымбаева мен Бибігүл Жанұзақ тамаша орындаушылық өнерін паш етті.
Шығармашылық жобаға қатысқан шетелдік танымал тұлғалар Қазақстанда бұған дейін болып, «Астана Опера» сахнасында өнер көрсеткенін атап өткен жөн.
- 2017 жылы «Астана Операда» өткен «Опералия Пласидо Доминго» байқауынан кейін тамаша естеліктер жадымда сақтаулы. Барлығы сондай мейірімді, әрдайым көмектесуге әзір болды. Сіздердің опера театрларыңыз сондай керемет. Әр кезде, осы тәжірибе туралы ойлаған уақытта жүзіме шаттық ұялайды. Қазір сіздердің дендеріңіз сау, қауіпсіз жағдайдасыздар деген үміттемін. Жақын арада қайта кездесіп, бірге ән шырқап, қуаныш-шаттыққа бөленуді, күннің қайта жарқырап күлімдегенін қалаймын. Өздеріңізді жақсылап күтіңіздер, - деп тілегін білдірді румындық таза сопрано иегері Адела Захария. Еске салар болсақ, ол 2017 жылы беделді әлемдік опералық байқаулардың бірі – «Опералия Пласидо Доминго» сайысында Бас жүлде мен «Сарсуэла» арнайы жүлде-сыйлығын жеңіп алып, нағыз сенсацияға айналған еді.
Орындаушылар ‘O sole mio неаполитандық әнін бекер таңдамаған. Ол жайдарлы, қуанышқа толы әрі жарқын болашаққа үлкен сенім береді. Композицияны 1898 жылы Эдуардо ди Капуа (музыкасы) және Джованни Капурро (сөзі) жазған. Сол кездің өзінде-ақ аталған туынды аса танымалдылыққа ие болып, кейін әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.
Жобаның барлық қатысушылары халықтың рухын көтере алатын әрі жақын арада қиындықты еңсеріп, қауіпті вирусты жеңеміз деген сенім ұялататын өнердің айрықша күшіне кәміл сенеді.