Өскеменде биоматериалдар қабылдайтын мобильді бекеттер жұмыс істей бастады. 25 сәуірден жұмыс істей бастаған бұл бекеттерде тегін жедел тест немесе ПЦР әдісі арқылы сынама тапсыруға болады. Ол үшін әуелі cdl.kz сайтында өтінім қалдыру қажет. Мұндай бекеттер бұған дейін Нұр-Сұлтан, Көкшетау және Семей қалаларында ашылған болатын. Жобаның демеушісі «Aitas KZ» АҚ мобильді бекеттердің жұмысына 40 миллион теңгеге жуық қаражат бөліпті. Ал жобаның операторы – «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасы.
Ерекше атап өтерлігі, мобильді бекеттер ғимараттардан алшақ, ашық жерлерге орнатылған. Сынама тапсыратын адамдар байланысқа түспес үшін белгілі бір уақытта шақыртылып, кезексіз кіреді. Мұндағы дәрігерлер келушілермен микрофон арқылы сөйлесіп, арнайы құралдың көмегімен биоматериал алатын көрінеді. Тұрғындарға тестті тапсыру тегін. Экспресс тест бір рет пайдаланатын құралдармен алынады екен. Сондықтан да қауіпсіз деуге болады. «Әлемдегі және еліміздегі жағдайларды жіті қадағалап отырғандықтан індетке қарсы күрестің ең тиімді жолы инфекция жұқтырған азаматтар мен олармен байланысты болғандарды дер кезінде анықтап, оқшаулау екендігін жақсы білеміз. «Олимп» зертханасымен бірлескен жобамыз бұл процесті жеңілдетеді деп сенеміз. 1 бокс бір сағатта 12 адамға дейін қабылдайды. Жұмыс кестесі таңғы 8.00-ден сағат 17:00-ге дейін созылады. Штатта 4 маман екі ауысыммен жұмыс істейді: мейірбике, тіркеуші және санитар. Жобаны іске қосу үшін 50 000 жедел тест, 38 дезинфекция жасайтын құралдар мен өкпені жасанды желдететін 6 аппарат сатып алдық. Оның 4-уі Өскемен қаласы мен Катонқарағай ауданының ауруханаларына, қалғаны Ақмола облысына беріледі» дейді «Aitas KZ» АҚ бас директоры Серік Толықбаев.
Компания өкілі Серік Жүнісовтың айтуынша, жобаны жүзеге асыруға 213 миллион теңге жұмсалған. Ал 25-інен бері 200-ден астам адам жедел тесттен өтіпті.
Шығыс Қазақстан облысы