Елімізде жарияланған төтенше жағдай кәсіптің қай саласы үшін де оңай соқпады. Әйтсе де, оларға осы күрделі кезеңде кәсіпкерлік палатасы көп көмек көрсетіп келеді. Палата қолдауымен мәселесі оң шешілген қызылордалық диқандардың бұл сөзіміздің дәлелі.
Төтенше жағдайға орай Президент әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарын өндіруші кәсіпкерлерге қатысты қосымша құн салығын 12 %-дан 8 %-ға дейін түсіруге тапсырма берген болатын. Қабылданған бұл шешім 1 қазанға дейін күшінде болады екен. Алайда бұл жеңілдікті күрішшілердің ала алмай қалу каупі болды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізілімі Үкіметтің 2020 жылғы 27 наурыздағы № 141 қаулысымен бекітілген. Бұл құжат күрішшілердің түсініспеушілігін тудырды. Себебі Үкіметтің қаулысындағы тізілімде күріш «ақталған домалақ дәнді күріш» деп көрсетілген. Ал отандық күрішшілер тек орташа дәнді ақталған күріш шығарады. Құжатта бар, қолданыста жоқ күріш осы саладағы кәсіп иелеріне айтарлықтай жүк болуы мүмкін еді. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары мәселені жан-жақты саралап, «Атамекеннің» орталық аппаратына проблеманы жеткізді. Өз кезегінде орталық аппараттан ұсыныс тиісті министрліктерге жетті. Палатаның ұсынысына Мемлекеттік кірістер комитеті ресми түсіндірме беріп, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне «орташа дәнді ақталған күріш» деп енгізді. Нәтижесінде күрішшілер жеңілдікке қол жеткізіп, проблемасы оң шешілді.
Күріштің экспортқа шығару да палатаның араласуымен шешімін тапты. Еуразиялық экономикалық комиссия дүние жүзінде жарияланған пандемияға орай бірқатар азық-түлік түрлерін осы жылдың 30 маусымына дейін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен өзге елдерге шығаруға тыйым салып, оның ішінде күріш те еніп кеткен болатын. Бұл жаңалық қызылордалық диқандар үшін айтарлықтай проблема болды. Облыстағы ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері осы жылдың күз мезгіліне дейін үшінші елдерге экспортқа күріш жеткізіп беру үшін алдын ала ұзақ мерзімді келісім-шартқа қол қойып қойған. Бұл саладағы кәсіпкерлеріміздің негізгі табысы экспортқа тәуелді. Сондықтан да Кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» орталық аппаратына ұсыныс жіберіп, олар шұғыл тиісті министрліктерге шығып, кәсіпкерлердің проблемасын жеткізді. Нәтижесінде, қазақстандық күріш экспортқа кедергісіз шығатын болды.
Аймақта көктемгі дала жұмыстарының басталуы карантин режимімен қатар келді. Техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер, өзге де құрал-саймандар болмай, қиналған диқандар мәселесін кәсіпкерлер палатасының мамандары облыстық жедел штаб отырысында көтеріп, Қызылорда қаласында қосалқы бөлшектерді сататын кәсіпкерлердің тізімі әзірленіп, жұмыс жасауына рұқсат берілді.