• RUB:
    5.01
  • USD:
    488.11
  • EUR:
    530.09
Басты сайтқа өту
Парламент 29 Сәуір, 2020

Қуаныш Сұлтанов: Адам да, қоғам да өзгереді

1711 рет
көрсетілді

– Қуаныш Сұлтанұлы, әңгімемізді ел жағдайынан бастасақ. Еліміз жұқпалы індеттен қалай өтіп келеді деп ойлайсыз? Мемлекет билігі тиісті шараларды өз дәрежесінде ұйымдастыра алды ма? Жалпы, бұл залалдың зардаптары қандай?

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің соңғы мәлімдемесінде осы індетке байланысты елдегі жағдайды толық қамтып, карантиннің 11 мамырға дейін созылатынын жариялады. Оқшаулау мерзімін ұзартуға шешім қабылдаудың қажеттілігін әрбір азамат түсініп, оның талаптарын орындауға жұмылары күмәнсіз. Осы өткен бір жарым айда халқымыздың ерекше жинақылығын, қоғамдық тәртіпке жауапкершілігін көрдік.

 

Бұл ешкім, ешқандай ғылыми-зерттеу орталықтары, әлемге әйгілі саясаткерлер, ғалымдар, дәрігерлер болжай алмаған, тосыннан жер әлемнің апшысын қуырған сұрапыл дауыл болды. Әуел бастағы көрші елден алғашқы ақпараттар келгенде ол осындай қауіпті әрі тез жайылмалы бола қояр деп ойламағаны­мыз да шындық. Өйткені әр жылдары олар­да «доңыз тұмауы», «құс тұмауы» сияқ­ты өз өңірлерінде эпидемиялар шы­ғып әрі ұзаққа бармай, азды-көпті шығын­дары­мен дөңгеленіп өшіп жататын. Бұл жолғы вирустың екпіні басқаша болды. Әсіресе Уханьнан қысқа мерзімде адамдар өлімі туралы ақпарат таралғанда – санаға қорқыныш сезімі кіргені де табиғи.

Мемлекет басшысы жыл басында Қытайдағы жағдайды жіті бақылап, бай­­қап отырып, жедел түрде жұқпалы ауру­дың алдын алу шараларын ұйым­дас­тыруға пәрмен берді. Дер кезінде Премьер-Министрдің төрағалығымен ар­на­йы штаб-комиссия өз жұмысын са­лауат­ты жолға қоя білді. Алыс-жақын ел­дер­мен қарым-қатынас жағдайы егжей-тег­жей­лі сарапталып, әртүрлі себептермен жол үстінде жүрген азаматтардың елге келуін, оқшаулануын, барлық қоз­ға­л­ыс­ты залаласыздандыру шаралары қам­тамасыз етіліп, қатаң бақылау орнатылды. Әуе жолдары, теміржол транспорты, автокөлік жолдары карантиндік тәртіпке бағындырылды.

Дәрігерлер еңбегіне жаңа тәртіп қалыптастырылып, олардың жұмысын, еңбекақысын бұрын-соңды болмаған жаңа, ерекше сапаға көтеру, ынталандыру жолға қойылды. Ауруханаларды жаб­дықтау, дәрігерлерді арнайы дәрі­гер­­лік киім, құрал-сайман, тыныс аппа­рат­тары, бүкіл халықты арнайы бетперде киіп жүру сияқты сақтық шаралары тұрмысқа енді. Жасалған, жасалып жат­қан жұмыстың бәрін қамтып айту мүмкін емес, оларды бүкіл халық көріп отыр.

Көп адамның топтасып, қатына­суы­мен өтетін әртүрлі дәстүрлі, мере­келік шаралар тоқтатылды. Әсіресе халық­аралық әйелдер күніне, Наурыз мере­кесіне, Жеңіс күніне арналған бүкіл­халықтық, ел бұл мерекелерге әрқашан ерекше құрметпен қарайтын, көпшілік мерекелік шаралардың тоқтатылып, шегерілуі деген біздің 30 жылдық жаңа тарихымызда да, одан бұрынғы тарихымызда да болмаған жағдайларды қоғам түсіністікпен қабылдады.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекет бас­шысының шұғыл шешімдеріне Үндеу қосып, «Біргеміз» акциясын бастады. Біз­дің қоғам, бүкіл халық Елбасы­ның Үндеуіне, Президенттің талабына жұмы­лып, сындарлы кезеңде ынтымақ­тас­тығын, жоғары саналылығын, бірлігін көрсете алды.

– Осыған байланысты – экономи­калық әлеуметтік дағдарыс қанша­лықты терең болды? Оларды еңсеру, одан шығу жолдары қандай?

– Қазір тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл дүниежүзілік ақпарат құрал­дарында экономикалық дағдарыс туралы көптеген мәлімет, сараптама, болжау жарияланып жатыр. Жалпы эконо­ми­ка­лық қарым-қатынастар қоғам­ның әртүрлі қайшылықтары тұсында әртүрлі қиындықтар, шегіністерге мәжбүр болып жатуы тіпті үйреншікті құбылыс деуге болады. Олар көп жағдайда бір немесе бірнеше мемлекет арасын қам­ти­тын. Ал енді бұл жолғы бірнеше айға тоқтап қалған бүкіл жер жүзі мем­­ле­кеттеріндегі тіршілік зардаптарын еңсеру әрине оңайға соқпайды. Қоз­ға­лыс атаулы тоқтады емес пе? Барыс, келіс жоқ. Көптеген өндіріс орны өзі­нің күнделікті мүмкіндігін жартылай дәре­жеге төмендетті, біраз бөлігі мүлдем тоқ­тады. Бұл депрессиядан оңалуға уақыт керек. Шағын және орта бизнес тұралап, көптеген өндіріс саласы дағдарысқа ұшырады. Жұмыс орындары қысқарып кетті. Осылардың бәрін ескере отырып, Президент жалпы экономикамызды ойсыратпау шараларын жүзеге асыруды өзі қатаң бақылауға алып, Үкіметке де нақты әрі дер кезінде шұғыл тапсырма берді. Алдын алу шараларын белгілеудің арқасында елде көптеген кәсіпорын жұмысын тоқтатпай жүргізуге мүмкіндік алды. Экономиканы, бизнесті әлсіретпеу үшін мемлекеттік бюджеттен, Ұлттық қордан мол қаржы бөлінді. Карантин жағдайында көктемгі егіс жұмыстары өз уақытында жүргізіліп келеді.

Карантин адамдарды тәртіп пен жинақы­лыққа да, жоғары жауапкер­шілікке де үйретті ғой деймін.

Әлемді жайлаған жұқпалы індет жалпы адамзатқа үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Әрине экономика, тұрмыс, күнкөріс – сөз жоқ, әрбір адам үшін де, тұтас мемлекеттер үшін де өте маңызды алғы­­шарттар екені белгілі. Амандық, ты­ныш­­тық болса – кәсіпорындар да, сауда-сат­тық та, оқу орындары да, бас­қа елдер­мен аралас-құралас та – бәрі қал­пына келер, дағдарыс та еңсерілер. Уақыт, төзім, еңбек керек. Елдің бірлігі, ұйым­шыл­дығы, ортақ мүдделілігі бәрін де жеңеді. Тереңірек мәселе – адамдардың сана-сезімі, санадан туындайтын іс-әрекет­тері. Әлемді қоя тұрайық. Әр азамат, әр қазақ: «Осы менің өмір салтым қан­дай? Нені дұрыс, нені бұрыс істедім?» деген сұрақты ұмытпағаны жөн болар еді. Адам да, қоғам да көп өзгеріске мәжбүр болады.

– Жоғарыдағыдай ахуал қоғам өзгерісіне ықпал ете ме? Дәрігерлердің, тәртіп сақшыларының еңбегін қалай бағалар едіңіз?

– Өмірде, қоғамда болып жататын оқиғалардан, ғаламдық құбылыстардан, тіпті қайшылықты қиындықтардан кейін жақсылық көруге пейілденген дұ­рыс. Әлгінде, қандай да қиындықтан сабақ алудың маңыздылығын текке айт­қан жоқпын. Жұқпалы індет ең алды­мен адамға, адамзатқа төнген қауіп. Оның шығу, туу табиғатын мамандар мен ғалым­дар зерттеп, анықтайтыны анық. Қазірдің өзінде неше түрлі болжам­дар мен қорытындылар жарияланып жат­қаны аян. Сонымен бірге көкірегі ояу, санасы ашық әрбір адам өзінен бастап ойлануы керек. Сондай-ақ құзырлы мемлекеттік органдар өздерінің осы күнге дейінгі қызметтерін түбегейлі өзгертуі тиіс. Әрбір азаматтың конституцияда көрсетілген базалық тұрмысымыздың ең басты көрсеткіштері – денсаулық пен орта білім алу құқығын қамтамасыз ету шаралары мен жолдары қандай? Стратегия да, тактика да өзгеріске ұшы­рары хақ. Шұғыл түрде осы бағытты қолға алу маңызды.

Тәуелсіздік жылдары бұрын бізде материалдық, техникалық мүм­кін­дігі шамалы көп салалы әрі мамандан­ды­рылған медицина салалары жаңа өріс алды. Мәселен, кардиологиялық, нейро­хирургиялық, онкологиялық тағы басқа орталықтар өте нәтижелі жұмыстарын қалыптастырды.

Керісінше, жұқпалы ауруларды емдейтін ауруханалар да, дәрігер ма­ман­дар да мүлдем төменгі жағдайда еке­нін «COVID-19» көрсетті. Тіпті сани­тарлық-эпидемиялық мамандарды дайындау да көп жыл бұрын доғарылып қал­ған екен. Осы жағдайды шұғыл түрде өз­гертуге міндетті боламыз.

Жалпы денсаулық тазалықтан бас­­талады. Үйде, оқу, жұмыс орындарында, қоғамдық, көпшілік мекемелерде, мейрамханаларда, асханаларда, ауруханаларда дәретхана, қол жуатын бөлмелерді ең таза орындарға айналдыруымыз – кейінге қалдырмайтын талап болуы тиіс. Олар бір, екі-ақ кісі сиятын емес, сол жерде оқитын немесе келетін адамдар санына қарай жеткілікті болуы керек. Мысалы, екі мың бала оқитын мектепте дәретханалары, қол жуатын бөлмелері жиырма ғана орын болуы – ескі, бұл мәселені соңғы кезекте ойластыратын кездегі көзқарас. Мектептердегі осы жағдайдың салдарынан қаншама бала зардап шеккені жайлы қоғамда көп әңгіме болғаны есімізде. Жүз адам тұратын жатақханада екі-ақ жуынатын орын, жалғыз ас пісіретін бөлме. Мұндай нормативтердің өзіне жүз жылдан астам уақыт болды. Мектептердің, ауруханалардың құрылыс нысандарының нормативтік ережелерін қайта қарауымыз қажет. Қазір үлкен қалаларда екі мың орындық мектепке қаланың «төрт бұ­рышынан» автокөлік ағылып, кептеліс жасайды. Оның орнына 500 бала оқитын әр жерде 4 мектеп болса – көп мәселе бас­­қаша шешілер еді. Әр сыныпта 40 ба­­ла­­ның орнына 20 бала оқыса – оқу сапа­сы, ұстаздар, тамақ, гигиена, тазалық сияқ­ты толып жатқан денсаулық жағдайы басқаша болары да анық. Яғни осындай тұрмыстық орналасуға түбегейлі өзгеріс керек. Қоғамда адамдардың дүниеге көзқарасында рухани сілкініс, өзгерістер болады деп ойлаймын.

Сондай-ақ дәрігерлер мен тәртіп сақ­шыларының жұмыстары елге қор­ған, қамқор болды. Әсіресе көпте­ген дәрігер, басқа да медицина қыз­мет­­керлерінің еңбегі зор. Президент­тің тапсырмасымен Үкімет оларға қосымша еңбек­ақы төлеу шараларын бекіткені белгілі. Онымен шектелмей, басқа да әлеу­меттік көмек, қолдау көрсетуді, оларды марапаттау шара­ларының маңыздылығы да Прези­дент мәлімдемесінде айтылды.

Өкінішке қарай, кейбір полиция қызметкерлері бұрынғы «ауру», әдетіне басып, көліктерді жөнсіз, негізсіз тоқ­та­тып, пара алып, өздерін ұятқа қал­дырған жағдайлары да бар. Олар бірлі-жарым. Дегенмен негізгі құрам халы­ққа адал қызмет етудің үлгісін көр­сетіп жүр. Ондай адал жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

– Мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік көмек жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Біріншіден, Қасым-Жомарт Кемел­ұлының Уханьдағы індет тара­луын көп елден бұрын байқап, сараптап, дер кезін­де Үкіметке қажетті тапсырма беріп, алапат «дауылдың» алдын алу шараларын қамтамасыз ете алғанын айтуымыз әділдік болады.

Екіншіден, халық Президенттің мәлімдемесіне, онда көрсетілген барлық талаптарға қолдау көрсетті. Ел індеттен сақтану мақсатында ынтымақтасып, бірігіп, бірліктің туын көтерді.

Премьер-Министр басқарған Үкімет­тік комиссия еліміздің азаматтарына, денсаулық сақтау орындарының тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық шаралар­ды жү­­зеге асырды, сол бағытта жұмысты жал­­­ғас­­­тырып келеді. Әсіресе дәрігер­лер­­­дің еңбегіне бөлінген қосым­ша қар­жы, төрт миллионнан астам жұмыс­тары тоқтап қалған, жалғыз басты ана­лар мен мүгедектерге, тағы басқа мұқ­таж азаматтардың әрқайсысына 42500 тең­геден көмек берілгені, күн­де­лікті тамақ өнімдерін жеткізіп беру­дің өзі қыруар жұмыс емес пе? Мұқ­таж адам­дарға көмек қолын созған, волон­терлердің ықыласты еңбек­тері қан­шама адамға ізгілік жолын ашып, жақ­сы­лық жасап жүр. Тәрбие, адам­гер­шілік деген ұғымдарды алыстан іздеудің қаже­ті жоқ, осындай адам­ға адам сияқты қара­пайым қатынас көрсету­ден басталады.

Бұл орайда, запастағы әскери борышты азаматтардың қысқа мерзімге жұқпалы індетпен күреске шақырылғандары да елді тебірентпей қоймады. Қаншама азамат шақыртпай әскери комиссариаттарға өз еркімен келіп, көмек көрсетуге бел байлап, кірісіп жатыр. Бұл – көрнекті, әрбір елім деген азаматқа ой салатын пат­риоттық қозғалыс болды.

– Парламент жұмысындағы жаңа­лық­­тарға тоқталсаңыз. Сайлау жа­қын­­дап келеді емес пе? Парламент тура­лы әртүрлі пікірлерге не айтасыз?

– «Жаңалық» деп дұрыс айттыңыз. Сырт көзге, формасы, ұйымдастырылуы, жұмыс тәртібі жағынан бәрі бірқалып­ты сияқты көрінгенімен шын мәнінде тал­қыланып жататын әрбір заң жобасы­ның өзі жаңалық. Осы жолғы жаңалық әрі тосын, әрі қауіпті бүкіл елге келген індеттен сақтану шараларымен байланысты болғаны да белгілі. Күн са­йын дүниежүзінің ақпараттар сарынын сараптаумен де көп уақытымыз өтіп жатыр. Үйде болуымыздың да бірталай жағымды жақтары болғаны да рас. Күнделікті қарбаласта қолымыз тие бермеген біраз кітаптар оқылып, қағаздарымыз да реттеліп қалды.

Парламент Үкіметпен бірлесіп, жос­пардағы заң жобаларын талқылап, қарауды бір күнге де тоқтатқан жоқ. Кейбір заң жобаларына байланысты жоспарланған «дөңгелек үстелдер», кон­фе­рен­­циялар шегерілгенімен депутат­тардың жұмыс топтары, комитет отырыстары, мәжілістің пленарлық отырыс­тары «оn-linе» режімінде еш кедергісіз жұмыс кестесіне сай жүргізіліп келеді. Қа­былданған заң жобалары ақпарат құ­ралдарынан белгілі. Солардың қатарын­да қоғам ерекше назар аударған заң жобалары сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға енгізілген өзгерістер болды. Ендігі сайлауда сайлан­ған депутаттардың отыз пайызы әйелдер мен жастар болуы заңмен бекітілді. Сондай-ақ партияға тіркелу үшін бұрын­ғы қырық мың мүшесінің орнына жиыр­ма мың мүше жеткілікті, яғни екі есеге төмендетілді. Бұл үлкен жаңалық. Ал­дағы сайлауда партиялар арасында да, үміткерлер арасында да бәсекелестік күше­йетін болады. Жазғы демалысқа дейін әлі талай жаңа заңдар немесе бар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады. Парламент, мәслихат сайлаулары да жақындап қалды.

Парламент туралы үстіртін пікір айтатын, не оның жұмысынан хабары шамалы немесе біле тұра өмірі еш нәрсеге риза болмайтын кейбір өзімшіл адамдар байыбына бармастан «сын айту осы екен» деп көсіле береді. Кейбіреулер сонша мазасызданып «Парламент қартайып кетті» деп байбалам салатындай жағдай жоқ. Біріншіден, үлкендер соншалықты көп те емес. Екіншіден, олардың ешқайсысы да жасын алға тартып, жұмысына керенау қарап жүрген жоқ. Өзіне тиісті жұмы­сын адал атқарып жүрген тәжірибелі, әр­түрлі қызмет атқарып, қоғамға танылған елге жанашыр адамдар. Жалпы жас мәселесі дүние жүзі парламенттерінде сөз де, проблема да емес. ТМД елдерінен бастап дүние жүзі парламенттерінің көпшілігінің құрамында «үлкендер» баршылық. Мемлекет билігінің стра­тегиялық сабақтастығы негізінен парламент арқылы сақталады. Мәселе парламентке сайланатын әрбір адам­ның білімділігі мен біліктілігінде, шын мәнінде елдің мұң-мұқтажын біліп, со­лар­дың оңалуына мүдделілігі мен қа­білеттілігінде. Популизм – уақытша эффект. Адамдар, үлкен, кіші, аға ұрпақ, жас ұрпақ арасындағы әдепті сақтау – ұлттық дәстүр, мәдени, рухани мәңгілік құндылықтарымыз. Телеарналардан көріну жеткіліксіз. Халыққа салиқалы, салмақты жұмыс істеу – басты мақсат. Көпке жаққан сөзіңді, уәдеңді жүзеге асыр. Мәселе сонда. Кезінде «осы депутаттар не істейді?» деген талай азаматтар өздері депутат болып келгеннен кейін: «ойпыр-ай білмей айтыппыз ғой», дегендерін де көргенбіз. Парламент те, Үкімет те елдің әлеуметтік жағдайының жақсарып, халықаралық беделінің өсуіне еңбек етулері тиіс. Бюджет біреу. Мақсат, міндет біреу. Өкілеттіктер әртүрлі.

– Сіз бұқаралық ақпарат құрал­­дарында жиі көрініп, әртүрлі мәселе­лерге көп пікір айтатынсыз. Соңғы кездері сиретуіңіздің себебі не?

– Әсілі, көріну үшін емес, жауапкер­шілік, заңның сапалылығы мен орындалу нәтижелігі үшін жұмыс істеу – ұста­нымым. Сұрағыңыз көбіне менен гөрі БАҚ-қа байланысты. Мен өз жұмы­сым­ды бұрын қалай атқарсам, қазір де солай атқарып жүрмін. Елу жылдан ас­там абы­роймен өткен жолымды, жа­рамды қал­пымда кейбіреулер күткен­дей «қар­таймай» қорытындыласам деген ойым бар. Соңымнан келе жатқан жаңа буынға мем­ле­кетіміздің гүлденіп, қуаттана беруі­не адал, табысты еңбек етулерін тілеймін.

– Қуаныш Сұлтанұлы, сіз жаңа дәуір­­дегі мемлекеттігіміздің бірінші күні­­­нен Елбасының, Тұңғыш Прези­денті­­міз – Нұрсұлтан Әбішұлының сенім көрсетіп, алғашқы Үкімет құра­мын­­да министр, Премьердің, Жоғарғы Кеңес Төрағасының орынбасары, Қы­тайда елші, Сенатта комитеттер төраға­сы, «Нұр Отанда» қоғамдық кеңестер төр­­а­ға­­сы болдыңыз. Бүгінгі күннің биігі­­нен осы отыз жылды қалай сипаттар едіңіз?

– Бір мақала жазатын сұрақ қой­дыңыз. Қысқа қайырып айтар болсам – Нұрсұлтан Әбішұлының бастама­шы­лы­ғымен тәуелсіз мемлекет құрып, оны дүниежүзілік қоғам­дастықтың тең, толыққанды әрі белсенді мү­шесі, әлем елдері санасатын, аяғынан нық тұрған қуатты, бәсекелестікке қабі­летті мемлекет дәрежесіне жеткеніміз ақи­қат. Өткен жылдар – қазақ тарихының жар­қын беттері, ұлтымыздың рухани өрл­еу кезеңі. Өткеніміз, өскеніміз оңай болмады. Солай болса да, тәуелсіз мемле­кет­тігіміздің тұғырлы, мәңгілік салмақ пен сынаққа төтеп беретін негізі қаланды.

Екінші Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңа дәуірді бастады. Болашақ үшін күреске жаңа ұрпақ қосылды. Ел болып жаңа белестерді ең­серуге атсалысу – елім, жерім деген аза­мат­тың азаматтық парызы. Уақыт өтеді. Қан­дай да жаңалық үйреншікті дүниеге ай­на­лады. Өркениетті дамыған елдер өзі­нің өсу жолдарын, өткен тарихына қам­қор­­лықпен, құрметтеп қарау дәстүрін қа­лып­­тас­тырған. Болашақта жарқын же­тіс­тік­терге жету үшін өткен қилы жол­­дар­ды жоққа шығару міндет емес, же­тіс­тік­терін, қасиетті құндылықтарын б­аға­лап, көздің қарашығындай сақтап, сәт­сіз­­дік­терінен сабақ алып, алға жүру маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айбын ШАҒАЛАҚ,

«Egemen Qazaqstan»