• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Сәуір, 2020

Ауылдар интернетке қашан қосылады?

366 рет
көрсетілді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев байланыс операторларының жүргізіп жатқан жұмыстарының барысы туралы есебін тыңдап, оларға жүктелген міндеттер мен ауылдарды жоғары жылдамдықты мобильді интернетке жоспарлы мерзі­мінен кешіктірмей қосу қа­жеттігін айтты.

«Қазір еліміздің 4300-ден астам елді мекені жоғары жылдамдықты мобильді ин­тернетке қосылған. Осы жыл­дың соңына дейін тұр­ғын саны 250 адамнан көп ауылдардың бәрі 3G немесе 4G байланысымен қам­тылуы тиіс. Осы орайда, сіз­дерден жұмыс қарқынын баяу­латпауды сұраймын. Біз өз тарапымыздан төтенше жағ­дай кезінде енгізілген шек­теулерге байланыс­ты мәселелерді шешуге көмек­тесуге дайынбыз», деді бай­ла­ныс операторларына Ас­қар Жұмағалиев.

Бүгінде елімізде қалалар мен ауылдарды қосқанда, барлығы 4 353 елді мекен мобильді интернетпен қам­тылған. Бәрін қосқанда 600 мың адам өмір сүріп жатқан тағы 928 ауыл Цифрлық да­му, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министр­лігі мен «Кселл» АҚ, «Мо­байл Телеком-сервис» ЖШС және «Кар-Тел» ЖШС компаниялары арасындағы меморандум шеңберінде 3G немесе 4G технологиялары бойынша жылдамдығы жоғары мобильді интернетке қосылуы тиіс. «КарТел» ЖШС-нің берген ақпаратына сәйкес, жыл басталғалы 76 ауылға база­лық стансалар салынған.

Сондай-ақ елімізде шал­ғай ауылдарға талшық­ты-оптикалық байланыс желі­лерін тарту жобасы да жүзеге асы­рылуда. «Қазақ­телеком» АҚ осы жобаны жүзеге асыру аясында жыл басталғалы 303 ауылға оптикалық сым жүр­гізген. Жыл соңына дейін қалған 463 ауылға желі тарту жоспарда бар. «Транс­телеком» АҚ осы жыл­дың соңына дейін 161 ауыл­­дағы оптикалық желі құры­лысын аяқтауды жос­парлап отырғанын растады.

Төтенше жағдайлар режі­міне байланысты ен­гізілетін шаралар операторларға және олардың мердігерлік ұйым­дарына жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік берсе, олар өзіне алған мін­дет­темелерді жоспарға сай сапалы және мерзімінде орындауды көздеп отыр.

Осылайша, 2020 жылдың соңында жылдамдығы жо­ғары мобильді интернет 5 163 елді мекенде қолжетімді бола­ды, ал 3G/4G байланысын 18 млн адам пайдаланады деп жоспарлануда.