• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Сәуір, 2020

Төтенше жағдай кезінде мерзімі өткен құжатты пайдалануға болады

133 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-экомикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Шавхат Өтемісов төтенше жағдай кезінде азаматтар жарамдылық мерзімі өткен құжаттарын жаңарта алмайтынын айтып, баяндамашыдан бұл жайдың ретін сұрады. Сөзінің дәлелі ретінде қазіргі қысылтаяң шақта 99,5 мың жеке куәліктің, 68 мың жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткенін алға тартты.

Заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бұл мәселе бойынша қазір Ішкі істер министрлігі өз құзыреті аясында қаулы жобасын әзірлеп жатқаны, төтенше жағдай режимі кезінде жарамдылық мерзімі өткен құжаттарды азаматтарымызға пайдалану құқығы берілетінін айтып, жауап берді.

Бұл сөзді залда отырған Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин құптап, министрдің бұйрығымен көлік жүргізуге рұқсат беретін құжатының мерзімі өтіп кеткен азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпау туралы тапсырма берілгенін атап өтті. Ал жеке куәлік бойынша Мемлекет басшысының атына ұсыныс әзірленіпті. Бұл төтенше жағдай режимі кезеңінде осы норманы Президент Жарлығымен ұзарту үшін қажет.

Жалпы мұндай құжаттар тізімі өте көп екен. Мамыр айында тағы 90 мыңдай жеке куәліктің жарамдылық мерзімі бітпек.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин төтенше жағдай режимі енгізілген жағдайда адамдар мерзімі өткен құжаттарын пайдалануға мүмкіндік беретін мұндай норманың қажет екенін баса айтты.