Батыс Қазақстан облысында Ақсай атты өндірісті қала бар. Қазыналы Қарашығанақ орналасқан Бөрлі ауданының орталығы. Соңғы жылдары Ақсай қаласының қазақы бет-бейнесі қалыптасып, ерекше көркейіп келеді.
Кеңес кезінде қалыптасқан қағида – қалалық болған кез келген адам ұлтына қарамастан тілі орыс, ділі кеңестік топқа айналуы тиіс еді. Әсіресе қазақылықтың иісі қалаларға жоламағаны рас. Батыс Қазақстан облысындағы жағдай осындай болатын.
Тәуелсіздік қазақ қалаларын жаңаша түлетті. Көп қабатты үйлердің қабырғасынан қазақы оюды көргенде, мекеме-ұйымдардың, дүкен-дәмханалардың маңдайшаларынан ұлттық атауларды көргенде көз қуанады. Осындай оң өзгеріс біз сөз етіп отырған Ақсай қаласында да бар.
Өткен жылдың соңында Бөрлі аудандық ономастикалық комиссиясының қорытындысымен Ақсай қаласындағы 25 көшенің атауы өзгертілді. Атап айтсақ, бұрынғы Советская көшесі – Әл-Фараби, Утвинская – Мұхтар Әуезов, Первомайская – Жұбан Молдағалиев, Комсомольская – Талғат Бигелдинов, Октябрьская – Хиуаз Доспанова, Линейная – Жібек жолы, Пролетарская – Желтоқсан, Вахтовая – Бекзат Саттарханов, Заводская көшесі – Жайық, Безымянный переулок – Өркен, Овражная көшесі – Береке, Рабочая – Зерде, Кооперативная – Қ.Шәкенов, Садовая – И.Ващук, Тупиковая – Көкжиек, Школьный переулок – Балдырған, Чингирлауская – Шыңғырлау, 8 марта – 8 наурыз, Западная көшесі – Батыс, Восточная – Шығыс, Центральная – Орталық, Молодежная – Жастар, Северная – Солтүстік, Трудовая көшесі – Еңбекші, Южная – Оңтүстік көше атанды.
Әрине бұл көшелердің кеңестік атауын өзгерту мәселесі тұрғындар жиналысында, қоғамдық кеңес отырысында қаралды. Көпшілік қолдап, ара-тұра қарсылық та кездесті. Соңғыларының уәжі: «Көше атауларын өзгертуге қатысты шығындарды кім өтейді, бюджет қаражаты жұмсала ма?» деген мәселе еді.
2020 жылдың басында өткен қоғамдық кеңес отырысында Бөрлі аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, кәсіпкер Бақытжан Ғаделшиев көше атауларын өзгертуге кететін шығынды өз мойнына алатынын айтты. Сөйтіп бұл мәселе де шешілді.
Осы карантин күндері кәсіпкер уәдесінде тұрып, өзгертілген көше атаулары жазылған аншлагтарды ілуді бастап кетіпті. Бақытжан Меңдігерейұлы бұған дейін де туған қаласына қамқорлық көрсетіп жүрген азамат. 2019 жылы ол басшылық ететін «Ақсайснабконтракт» мекемесі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақсай қаласындағы №5 мектеп ауласында 1,5 га алма бағын отырғызған болатын. Дәл осы жоба үшін 5 млн теңге қайырымдылық қаржы жұмсалған екен.
Айтпақшы 2018 жылы Ақсай қаласының Аралтал шағын ауданында Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай бір шоғыр көше пайда болған еді. Кеніш аумағынан көшірілген Березовка ауылы тұрғындарына арнайы салынған шағын ауданның су жаңа көшелеріне «Алаш Орда», «Айқап», «Ұран», Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Жаһанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы атаулары берілді. Мұндағы «Айқап» – 1911-1915 жылдары шыққан тұңғыш қазақ журналы болса, «Ұран» газеті – 1917-1918 жылдары Бөкей Ордасында шығып, Алаш қозғалысын, қазақ автономиясын қолдаған басылым болатын. Міне, Алаш қайраткерлерін, ұлттық тарихты қастерлеген Ақсай қаласы тағы да түлеп, кеңестік идеология қалдығынан құтылып, жаңарып жатыр. Қуаныш ұзағынан болсын дейміз!
Батыс Қазақстан облысы