• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Сәуір, 2020

Гүлдей жайна, кіндік кескен Көктерегім!

586 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған «Туған жер» бағдарламасында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп тамаша айтылған.

«Туған жер» бағдарламасында айтылған жүрек тебірентер тамаша ұғым талай жанның көңілінің терең бір түкпірінде қалғып кеткен сезім­дерді оятқаны анық. Бір бүйірінде елге деген сарытап сағы­ныш бұғып жат­қан қаншама азаматтар өз ауылы­на, атамекеніне көмек қолын созып, көркеюіне атсалысып жатыр. Мәсе­лен, өткен жылы облыста 583 әлеумет­тік бастама көтеріліп, білім мен экология, елді мекендерді абаттандыру, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіріп, мәдениет ошақтарын салу және жөндеу бағытында 5,3 млрд теңге қаржы игерілді. Бұл ел дегенде ет жүрегі елжіреп тұратын абзал ниетті аза­маттардың туған жерінің көркеюіне қосқан қомақты үлесі.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Көктерек ауылының тумасы, облыс орталығында тұратын, ісі оңы­нан оңғарылған кәсіпкер Жұма­ғұл Жолдықов өткен жылы кіндік қаны тамған Көктерек ауылын көр­кейту­ге 10 млн теңге қара­жат жұмсапты. Бұл бір жолғы қолға­бысы. Аталмыш бағдарлама қа­былданбай тұрып, 4-5 жыл бұрын ауыл іргесіндегі киелі жер сана­тын­дағы Әулиетасты қоршап, маңайын абаттандырып, бітеліп қалған бұлақ көздерін ашқандығын білуші едік. Осы жолы да 5 млн теңге қара­жат жұмсаған.

Әуелі Әулиетас туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Ауылдың тап ір­ге­сіндегі, қозыкөш жерде семіз жыл­қының қартасы тәрізді бұйра-бұйра сандық тастары бір-біріне жымдаса қаланып, үйіріле көтерілген Әулиетас тұр. Ықылым заманнан бері қасиет дарыған, кие біткен жер санатында. Тек соңғы жылдары ел жадынан сол бір қасиеті ұмыт бола бастағандай. Келген адам босаған бөтелкені, темекінің тұқылын, азық-түліктің қалдығын тастап ыбыр­сытып жіберген. Жолсапарға шық­қанда көріп, құлаққағыс еткенбіз.

– Осы жай жаныма тыныштық бер­меді, – дейді Жұмағұл Жол­дықов, – бір күні таң алдында көлі­гіме міндім де, Әулиетасқа бардым. Көп ойландым-толғандым, келесі күні өз кәсіпорнымның жұ­мыс­шыларын, қыруар техниканы әкелдім де, тазалап шықтым. Шоқы­ның етегінде бұрын бұлақ болатын, кейін кеңшардың сауын сиырлары тұрды да, бұлақ көзі бітеліп қалды. Сол жерді тракторға ашқызып едім, мөп-мөлдір бұлақтың суы атқылай жөнелгені. Мұндай қуанбаспын.

Қазір бұл бұлақ ел жайын ойла­ған кәсіпкердің құрметіне «Жұ­мағұл бұлағы» деп аталады екен. Ауыл­дың ақсақалдары солай шешіп­ті. Ауыл адамдары ауыз суын осы жерден алады. Су құрамын тексерткен. Тап-таза. Ел игілігіне әбден жарап тұр.

Бағдарлама бойынша жалпақ жұрттың ішінде ізгі ой, ізетті пікірдің төңірегінде топтасу басталғанда, кәсіпкер жергілікті әкімдікпен тиісті меморандумға қол қойса керек. Жүрек қалауымен, ішкі сезімдердің ұлағатты бағытқа итермелеуімен. Сөйтіп туған ауылды абаттандыруды өз қолына алған. Ауыл іргесінде кешегі кеңес заманынан қалған мал шаруашылығы фермасы болатын. Кейін төбесі бұзылып, қабырғасы құлап, ауылдың сұрқын кетіріп тұр еді. Кәсіпкер қираған үйінділерді тазалап, жайнатып қойды.

Көктерек – көркем сурет тәрізді әдемі ауыл. Аты айтып тұрғандай, көкке бойлаған көктерегі, мәңгі жасыл қарағайлары, қолдың саласындай ақ қайыңы осы өлкенің таусылып бітпес байлығы, мақтанышы. Бүгінде Жұмағұл бастаған ауыл азаматтары осы бір жер жәннатының табиғатын, туған ауылының ажарын сақтап қалуға тізе қосып кіріскен. Неше жылдан бері тазаланбаған, бей-берекет шашылған қоқыстың бәрін жинап, ауыл көшесін жөндеп, көгалдандырған. Осы шаруаға өткен жылы кәсіпкер 10 млн теңге өз қаражатын жұмсапты.

Алда бір той бар. Ол той шоқ жұлдыздай шағын ғана Көктерек ауылының іргетасы қаланғанына тоқсан жыл толуы. Бұл мереке Ұлы Отан соғысының 75 жылдығымен орайлас келейін деп отыр.

– Бала кезімде осы ауылдың бере­келі шағын көріп едім. Елде ұйыт­­қы болатын ақсақалдарымыз қан­дай еді. Жұмыс жылдың қай кезінд­е болсын қайнап жататын. Сол сурет көкірегімде сақталып қа­­лып­ты, – дейді кәсіпкер, – алдағы уақыт­­та да сол болмысымен ауылды сақ­тап қалу азаматтарына сын емес пе?

Айтса айтқандай, әркім өзінің туған жеріне қарайласса, қаншама ауылдың ажары кіріп қалар еді?!

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы