• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Сәуір, 2020

Дәрігер мен мұғалімнің қадірі

1581 рет
көрсетілді

Аты жаман аурумен күресіп, елде төтенше жағдай жарияланғанда алдыңғы шепке шыққан мамандық иелері – медицина, құқық қорғау қызметкерлері мен ұстаздар қауымына, олардың жұмысын халыққа жеткізуші журналистерге ел назары ауды. Таңдаған кәсібіне адалдығынан таймаған бұл жандардың да жақын-жуығы бар. Тілеуін тілеген ата-аналары, екі көзі төрт болған жарлары, ата-анамды қашан көремін деп сағынған балалары, бауырлары әр жаңалыққа елеңдей құлақ түреді.

Баласы жайлы

Жансая Нұртазинова сондай ананың бірі. «Үш жапырағының ортаншысы Анары: – Мам, мама, ауруханаға ауыр халде түскен науқаста коронавирус барлығы анықталып, бізді, бірнеше дә­рігер, медбике мен санитарды карантинге жауып тастады. Біздің бөлімшені айнала әскерилер қоршап тұр... Ешкімді кіргізбейді де, ешкімді шығармайды да, – деген баламның дауысын ес­тігенде, құлағым шыңылдап, екі көзім қарауытып кетті», дей­ді ол. Бұл ел болып дүрілдете атап өтер Наурыз қарсаңы, 21-нен 22-сіне қа­раған түн болатын. Осы хабарды алысымен таңды кірпік ілместен атырып: «Жаратқан ием, өз басыма не берсең де көнемін, тек бауырларым мен балаларым емес, енді маған тек көтере алар ғана сынақ берерсің, ал мұны мен көтере алмаймын... Жалынамын, жалбарынамын тек бұлай емес», – деп Аллаға екі қолын жая, кеудесін жуған көз жасымен қызы­ның аман-есен келуін тілеп, таңды атырған Жансаяның мінәжаты қабыл болғандай. Арада екі жарым тәулік өткенде, сараптама қорытындысында вирус жоқ болып, Анар 14 күн үй карантиніне жіберіледі.

– 14 күн барлық талапты сақ­­тап, үйден аттап шықпадық. Қорқыныш, күдік, үрей, бәрі де болды. Күткен күн жетіп, вирус табылмады деген қорытынды шықты. Негізі Анар әлі интерн, бірақ күндіз сабағын оқып, кешке №1 ауруханының «Қабылдау бөліміндегі» жұмысына барады. Демалыс күндері тәуліктеп ке­зекшілік атқарады.

Өткенде «басшыларымыз, жасы ұлғайғандар мен кіш­­кентай баласы барлар, демалыс алуларыңызға болады деп айтты» дегені есіме түсіп Анарға: – Ақысыз демалысқа өтініш берсеңші, қайтесің, бас қауіпсіздігің керек, кішкентайың бар, саған болады, рұқсат береді, әлі толыққанды дәрігер емес, интернсің ғой, – дедім. – Жоқ, олай болмайды, бұрын 2-3 күнде 1 рет тәуліктік кезекшілікке шы­ғушы едік, қазір күн айналып тәулікке кезекшілікке шығып жатыр, жұмыстағыларға қиын, адам жоқ. Ал дәрігер атаулының бәрі осы интерндік жолды өткереді, өзіңіз айтушы едіңіз ғой, «елден алғыс ал, халыққа қызмет қыл» деп, осындай қысылтаяң күндерде қалай жасырынып қаламын? – дейді. Қайтейін, қызым үшін ішім қалтырап, қан­ша уайымдасам да баламның ғұмыр бойы берген тәрбиемнің жемісі екеніне қуандым», дейді ана.

 Анасы жайлы

Интерн Анар Қуаныш­беко­ваның анасы Жансая Нұр­тази­нова – мұғалім. 30 жылдық ұстаздық ғұмыры Жезқазғанда өткен Жан­саяның Нұр-Сұлтан қала­сына қоныс аударғанына әлі жарты жыл толған жоқ. Жез­қаз­ғанда алғашында бастауыш сыныптарға сабақ беріп, одан қазақ тілі пәнінің мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, директор болып, мұғалімдік жолдың барлық сатысынан өткен ол елордада да жаны қалайтын мектепке келді. «Қазір оқушыларыма қашықтан білім беріп, оқшауланған өмірде мамандығымнан ажырағаным жоқ. Қызым: – Мама, сіздің осын­­да келгеніңіз қандай жақсы болды, әйтпесе қазіргі күні Жез­қазғанда отырсаңыз жаяу жолға шығып кетер ме едіңіз деп, кү­леді», дейді ұстаз.

– Мына ауру қоғамның біраз нәрсеге көзін ашты деп ойлаймын. Бұрын кімнің ақшасы көп болса сол ақылды көрініп, соның айтқанына жүгінетін халық дәрігер мен мұғалімнің қадірін, жалпы еркін жүріп тұрудың ар­тықшылығын біліп, не нәрсеге де қайта қарап, бұрын құнды дегендерінің де қаншалықты қадірі барлығын екшейтіндей болды. Ойландырды. Қай жерде қателестік, қай тұста біл­местік жасадық, табиғаттың өзін аялай алдық па, адамдық қасиеттердің асылы не, соған қиянат жасамадық па дегізді. Жалпы, не бір жамандықтың да жақсы сабағы барлығын көрсетті.

Бір күнде қашықтан оқытуды бастап кету бәрімізге де оңай болып жатқан жоқ. Аз уақыттың ішінде шәкіртіңе бағыт-бағдар, тапсырма беріп үлгеріп, одан олармен кері байланысқа шығып, игергендерін тексеру керек. Шәкіртің қарсы алдыңда отырып, көзінен қаншалықты ұғын­ғанын көретін емес, виртуалды әлем көмегімен оқытудың бұл қиындығынан өзге әр сабақта айтар әр сөзіңді кәдімгідей сұ­рыптайсың. Өйткені ол әрі ұғы­­нықты, әрі көп сөзді болмасын дейсің де баламасын із­дейсің, әр сабақтың жоспарын құрасың. Ата-ана соны түсініп, қолдау көрсетсе жақсы, түсінбейтіндер де бар. Бірақ мұ­ның да дұрысы – ғаламдық жетістіктерді қолдануға үйретіп, қай тұста жетімсіздік барлығын көрсетті. Кей елді мекендерде интернеттің есеп үшін құр қағазда барлығы анықталды. Әйтпесе «Қазақстан түгел цифрландық, интернет қолжетімді» деген ақ­параттың қаншалықты шындық екенін біліп те болмас едік. Оқшауланудың бұл да бір жақсы жағы болды.

 Ұлттық тағамның қадірі

Осы күні елдің бәрі «дұрыс тамақтану» дегенді дәріптейді. Дұрыс та шығар. Бірақ адамның ағзасы тегінде жазылған, генінде бекіген тағамнан ерекше нәр алатын болса керек. Оның үстіне қазіргі жұқпалы ауруға табиғи ет өнімдерін тұтынатындардың ағзасының қарсы тұру қабілеті жоғары болады дегенді оқып, қызым карантинде жатқанда иммунитетті күшейту керек деп күнде құрткөже, ет, т.б. ұлттық асымыздың түрлерін дайындап, құнарлы, нәрлі тағамдарды жиірек бердім. Қызым да «Не­гізі, дұрыс істейсіз, өкпе мал­дың майын қажет етеді, ал бұл – вирустың көздеп келетін ор­нының бірі, біздің мама біледі», деп күледі.

«Кеше Анарым алғашқы жұ­мыс күніне қайта шығып, тәу­лікке кетті. Осы күндер тезі­рек арта қалсыншы», дейді Жансая Нұр­тазинова.