• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Сәуір, 2020

Көркем мінез

1334 рет
көрсетілді

Сәмауи діндердің барлығында көркем мінез туралы айтылған. Үлкен оқымысты имам Ғазали: «Інжілден Иса пайғамбардың «Жамандық жасаған адамға жамандық қайтарма. Бір бетіңді ұрған адамға екінші бетіңді тос. Сырт киіміңді алған адамға шалбарыңды да бер» дегенін оқыдым», депті.

Ал ислам шартында мұсылманның көркі  оның көркем мінезі делінген. Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің пайғамбарлық міндеті жайлы айтқанда: «Мен көркем мінезді толықтыру, орнату үшін келдім», деген сахиқ хадисі бар.

Бірде пайғамбарға бір адамның күндіз ораза тұтып, түнде ғибадат ететіндігі, бірақ мінезі жаман екендігі, көршілеріне, достарына үнемі тіл тигізетіндігі туралы айтылған кезде Алланың елшісі: «Бұл дұрыс емес. Егер ол адам мінезін түземесе, баратын жері – тозақтың оты», дегені жайлы сөз бар.

Көркем мінез туралы пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бізге жеткен өсиет-хадистерде:

- Ғибадаттары аз болған құл жақсы көркем мінезімен қияметте жоғары дәрежелерге жетеді;

-  Ғибадаттардың ең оңайы және ең пайдалысы – аз сөйлеу және көркем мінезді болу;

- Құлдың ғибадаттары көп болса да жаман мінезі оны тозақтың түбіне түсіреді, кейде күпірлікке апарады;

- Жақсы мінезді адам дүние мен ақыреттің бақытына қауышады;

- Келбеті мен мінезі жақсы адам тозақ отына жанбайды;

- Өзінен алыстағандарға жақындау, зұлымдық жасағандарды кешіру, өзіне ештеңе бермегендерге сый көрсету – жақсы мінезді болудың дәл өзі;

- Жақсы мінезді адам денесіне, малына, намысына зиян келтірген адамды кешіреді;

- Ашуланған кезде жұмсақ әрекет жасаған адамның жүрегін Алла тағала сенімділік пен иманға толтырады;

- Жамандық жасағанға жақсылық жасау – ең жақсы мінез;

- Көркем мінез адамды кемелдікке бастайды;

- Мінезі жақсы адам дұшпанды досқа айналдырады, т.б. делінген.

Сол сияқты халқымыздың «Жақсылыққа жақ­сылық – әр кісінің ісі. Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» дегені немесе Абай атамыздың 18-ші қарасөзінде айтылған: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, жақсы мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», дегені жоғарыдағы хадис-шарифтермен үндесіп жатқан жоқ па?!