• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Сәуір, 2020

Батыс Қазақстанда 10 дәрігер вирус жұқтырған

307 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында соңғы екі тәулікте «COVID-19» инфекциясын жұқтырған 20 адам анықталып, барлық ауырғандар саны 146-ға жетті. Бұлардың 8-і – Ресей Федерациясынан келген Түркістан облысының және Шымкент қаласының тұрғындары екен.

Жалпы алғанда өңірде тіркелген 146 науқастың 119-ы – сырттан, негізінен Ресей Федерациясынан келген екен. 26 науқас ауру адаммен қарым-қатынаста болып, індет жұқтырған. Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаев тағы бір науқастың дертті қайдан жұқтырғаны анықталмай жатқанын айтты.

- Қазір ауруханада жатқан науқастардың 80 пайызында ауру жеңіл өтуде, қалған 20 пайызының жағдайы орташа. Қатты асқынған түрі жоқ. 6 науқастың бойынан пневмония табылды, бірақ олардың тыныс алуында асқыну жоқ. Бір байқағанымыз, коронавирус дерті өте алдамшы, бастапқы кезеңі жөтелсіз, қызусыз өтеді. Күдікті адамдарды дер кезінде тексеріп, ауруды ерте анықтағанның арқасында асқынуға жібермей отырмыз, - деді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюпов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «COVID-19» инфекциясын сол індетпен күресіп жүрген батысқазақстандық медицина қызметкерлері де жұқтырған оқиғалар кездесті. Қазір олардың саны 10-ға жеткен. Індетке қарсы майданның алғы шебінде жүрген ақ желеңді абзал жандардың жағдайы қалай?

- Коронавирус індетіне байланысты құрылған карантиндік стационарда және науқастар емделіп жатқан инфекциялық ауруханада жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз арнайы жатақханада, қонақүйде тұрып жатқанына біраз болды. Олар төтенше жағдай режіміне сәйкес, өз үйлеріне бармайды. Біз олардың денсаулығын екі аптада бір мәрте толық скринингтік зерттеуден өткізіп отырмыз. Қазір анықталған оқиғалар – сол тексерудің нәтижесі. Осылайша ауруды асқындырмай, ерте анықтадық. Қазір олардың бәрі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Олармен қарым-қатынаста болған 11 адам карантиндік стационарға оқшауланды, - дейді Мұхамғали Арыспаев.

- Осы оқиғаның өзі «COVID-19» инфекциясының өте қауіпті екендігін көрсетіп тұр. Дәрігерлер барынша сақтық шараларын жасағанның өзінде вирус жұқтырып отыр. Егер елімізде, облысымызда осындай төтенше жағдай, карантиндік шаралар жасалмаса, таралған дерттің ауқымы басқаша болар еді. Ерте байқап, жедел емдегеннің нәтижесінде дер кезінде асқындырмай тоқтатып жатырмыз. Бұл өте қауіпті індет! Дәрігерлердің жұмысының қадірін біліңіздер. Сақтық шараларын ұмытпаңыздар, жеке гигиенаны сақтаңыздар. Мемлекет қолға алған шаралардың бәрі халықтың денсаулығы үшін жасалып отыр, - деді Болатбек Амангелдіұлы.

Айта кетейік, бүгінде Батыс Қазақстан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында - 137 адам, провизорлық стационарда - 31, карантиндік стационарда - 85, үй оқшаулауында - 1958 адам дәрігерлер бақылауында. 9 адам коронавирустық жұқпадан жазылып шықты.