«Келін ененің топырағынан жаралады» дейді халық. Жас келін әулет үшін жасалатын қасиетті де, киелі міндетін мүлтіксіз атқарып, болашақта еңбекқор, ізетті, ақжарқын, көпшіл ана болуына әжелер мен енелердің өмірлік тәжірибесі, келінге берер ақыл-кеңесі маңызды.
Парасатты әжелердің: «Келініңді қыздай көр, қызың келін болмас па?» деуі өзара сыйластыққа ұмтылуды меңзеген, астары тым тереңде жатқан сөз болса керек. Сондықтан, жас келінді о бастан шаруашылық, үй шаруасын жүргізу мен меңгерудің жаңа ортадағы үлгісіне бейімдеп, оң мен солын тез тануына жәрдемдесуі керек. Осы өтпелі кезеңге аса мән берген аталар «қатынды бастан» (тәрбиеле) деген өсиет қалдыруы тегін емес.
Сөйтіп, бұрынғы ерке қыз, бұла бойжеткеннің, ендігі келіннің әлеуметтік мәртебесі (статусы) өзгеруіне байланысты, оның іс-қимылына, мінез-құлықтарына түрлі шектеулер салынып, ырым-тыйымдарға бой ұсынуына тура келеді. Мәселен, күйеуінен басқа бөгде адамдарға «әурет» (ғаурат-араб сөзі) саналатын қолының ұшымен бетінен басқа денесін жалаңаш көрсетпеу, жалаң бас, жалаң аяқ жүрмеу, ерлердің жолын кесіп өтпеу, үлкендер отырған үйге кірмеу, үлкендердің әңгімесіне араласпау, оларға шай құйғанда бір тізерлеп қырын отыру, қазан аяғын сылдырлатпау, үлкен адам көзінше дауыс көтеріп сөйлемеу, балаларға қатқыл сөйлемеу, шаңқылдап ұрыспау, үлкен үйдің төріне шықпау, ата-енесінің, қайын ағаларының, қайныларының төсегіне отырмау, жер таянып отырып ас ішпеу, киімін желбегей жамылмау т.с.с.
Осы аталған және осы тектес келінге байланысты ырым-тыйымдар мен әдет-ғұрыптардың тәрбиелік мәнінен тыс олардың түпкі мәні – ендігі кезекте дүниеге ұрпақ әкелуші, болашақ ана денсаулығына, яғни болашақ ұрпақтың имандылығы мен саулығына деген қамқорлықта жатқаны даусыз. Патриархалдық-рулық негізге құрылған қазақ қоғамында баланың денесі әкеден (рудың ішіндегі ұсақ тармақтарды қазақ «сүйек» деп атаған), қаны шешеден деп танитын үрдіс қалыптасқаны мәлім. Бұны «сүйек әкеден, ет анадан» деп те айтады. Сондықтан, жатырдағы ұрық-ұрпаққа ананың асыл мінез-құлқы, тектілігі қанмен берілетіндіктен келін болсын, жалпы әйел затына қарасты ырым-тыйымдардың көп болып келу себебі ұлттың асқақ болашағына деген арман-мұраттан туындайды. «Ел боламын десең бесігіңді түзе!» деген ұранда осы ниеттен туған.
Қалыптасқан дәстүр бойынша келін бала алдымен түскен жерінің үлкен-кішісі, ерлер мен әйелдеріне өзінше ат қоя білуі тиіс. Ол қазақта «ат тергеу» деп аталады. Ат тергеу – жас келіннің түскен жеріне, күйеуінің туыстарына деген ізгі құрметінің, әдебінің игі көріністерінің бірі ғана болып, оларды өз атымен тікелей атамай, арнайы ишаралап ат қоюы. Келін тарапынан осы ат тергеу барысында оның тапқырлығы, теңеу сөздерге шешендігі, жарасымды әзілқойлығы да сынға түсетін болған. Жас мөлшері, мінезі, келбеті мен ерекше белгі, қасиетіне, туыстық қатынасы мен мәртебесіне қарай қисыны табылып, ұтымды қойылған әрбір аттан келіннің тапқырлығы мен ақылдылығы айналасына танылады. Дүниеден әлдеқашан озған аталардың да атын атамай, жанама сөздер қолданады. Мәселен, бір атаның аты Түсіпхан немесе Түсіпақын т.б. болса, түс, түсу, түсіп қалды, түсіріп алды деген сияқты т.б. етістікті тергеп, оның орнына «домалау» сияқты сөздерді қолданады. Сондай-ақ, Балта есімді адам атын сол ауылдың келіндері «балта» деген еңбек құралын айтар кезде, ауызға алмай, «аспап» деп тергеумен келеді. Ал, қайын ата, қайын ағаларына – саятшы болса «бүркітші ата, бүркітші», діндар адам болса «молда ата, аға», жақсы киінетін, сымбатты адам болса «сері ата, аға», жасына қарай «кіші ата, кіші аға» деген сияқты т.б. ат қойса, қайындарына қалжыңға негізделген, күлкілі аттар да қояды. Мысалы, тапалды «сұңғақ бойлы», жалқауды «пысық қайным» деген сияқты.
Бұрындары өз күйеуін «біздің үйдің кісісі», «отағасы», «үлкен кісі» деп атайтын салт бірлі-жарым жағдайда әлі күнге дейін ұшырасады. Осының барлығы келін мен қайын жұрт арасындағы өзара сыйластық пен береке-бірлікке қызмет ететін халықтық әдет-ғұрып нормаларының айқын көріністері болып табылады.
Ендігі кезекте енесі келіннің тезірек құрсақты болып, өздері немере сүюге асығады. Келін өз денсаулығымен бірге, өмірге дені сау бала әкелу үшін аяғы ауыр келін қоршаған орта, табиғат, ауа-райы құбылыстарына аса мән беріп, көп нәрседен сақтанып жүруі керек болады. Мәселен, баланың беті шұбар болады деп күнге қыздырылмайды, баланың тілі шықпай, кешігеді деп, балық жеуге, толғағы қатты әрі, тоғыз айдан артық көтереді деп, түйенің етін жеуге тыйым салынады. Қолөнермен шұғылданған кезде баланың кіндігі мойнына оралып қалады деп арқан есу, ұршық иіру, кесте тігуден сақтандырады.
Мұның сыртында дұрыс, құнарлы тамақтануы керек екені, әрине, белгілі жайт. Кейін, аман-есен босанған соң баласын үлкендердің жанында емізуге тура келсе, бір қырындай отырып төсін жасыруы тиіс. Үлкендер отырған дастарқанда ең төменде отыратын жас келін, сусын, шай ұсынғанда қос қолдап, немесе сол қолымен кесе, тостаған ұстаған оң қолының білек тұсын сол қолымен демей ұстап, инабатпен ұсыну керек. Үлкендерге тура қарамай назарын төмен салып отыруы, сусын ішкенде, тамақ жегенде бір қырындай отырып, аузын бір қолымен көлегейлеп, ас шайнап отыруы керек деген сияқты өзін ибалы ұстай білуге, адамдармен қарым-қатынаста сақ, абай болуға үйрететін тәрбиелік мәнді көптеген т.б. тыйымдар бар.
Келіннің жаңа ортадағы әрмен қарайғы әлеуметтік мәртебесін белгілейтін бірнеше шарттар атқарылады. Олар – сәукеледен кейінгі – «желек жамылу», одан кейінгі «кимешек кию». Мәселен, келін болып түскеннен кейін, сәукелесін сандыққа орап сақтап қойған келін, бір жылдай уақыт бойы, яғни балалы болғанға дейін «желек» жамылып жүреді. Желек – күрең өңді жеңіл матадан тігілген, бас киімнің шетін ала, шекені, маңдайды жаба келіп, бет қана ашық қалдырылатын, төгіле, денені орай жауып тұратындай етіп мол қамтылған, ұзындығы тізеден аса келетін ғұрыптық киім түрі. Белгіленген мерзім болған кезде мал сойып, ауыл кемпірлерін, абысын-ажындарын шақырып, арнайы атай отырып, келіннің «желегін алып», «кимешек кигізеді». Бұл — келіннің осы әулеттің толық мүшелігіне өтіп, ана, адал жар, үй иесі деген атаққа ие болғандығын айғақтайтын жас, әлеуметтік инициацияны белгілеген ғұрып болып табылады. Жас келін түрлі-түсті, зер жіппен кестеленген, моншақпен, танамен әшекейленген кимешек кисе, жасы ұлғая келе ол әшекейлері азайған, реңкі біркелкі кимешек киетін болады. Осы орайда ерекше айта кетер жайт, егер балалы болып үлгермей, келін өмірден қайтқан жағдайда, ежелгі қазақ тәртібі бойынша кезінде төленген жасаудағы жылқы, түйелермен бірге қалыңдықтың ұзатылғанда киген сәукелесін де қоса қайтаратын болған. Егер бала туып, ұрпақ қалдырса, жасау да, мал да, сәукеле де қайтарылмай, күйеуінің меншігі болып қала береді. Сондай-ақ, отбасылық кикілжіңдерден туындап, ажырасу мәселесі қозғалып, әділ сотқа жүгінудің нәтижесінде, әйел заңды ажырасуға қол жеткізген жағдайында, жасау малымен бірге, күйеуі сәукелені де қайтаруы тиіс. Өйткені, сәукеле өсіп-өну символикасы міндетін атқаратын, қымбат тас, қымбат аң терілерімен сәнделіп тігілген ғұрыптық бас киім екені белгілі. Сәукеле аса бағалы зат, мәселен көптеген деректерде белгілі болғандай әшекейлі сәукеленің құны жүз жылқыға бағаланатын.
Осылайша, өмір өткелдерінен өтіп, көп тәжірибе жинақтап, немере-шөбере сүйген аналар ауыл-аймаққа беделді болып, ер адамдар ауылда жоқта іс басқарып, мал сойғызып, қонақ күтіп, түсел түсіріп аттандыратын жайт қалыпты рәсімге айналады. Ендеше, әрбір салттың, әдет-ғұрыптың, ырым-тыйымдар жүйесінің негізгі міндеттері сайып келгенде қоғам, қауым мүшелерінің жұмылып, біріге түсуіне қызмет ететіндігін баса айту керек.
Досымбек ХАТРАН,
тарих ғылымдарының кандидаты