Президент жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Алматы қаласында кәсіпорындардың қызметін жалғастырудың үшінші кезеңін іске қосуды мақұлдады.
Осылайша, кәсіпорындарды іске қосудың үшінші кезеңі аясында биылғы жылдың 4 мамырынан бастап қосымша шаштараздар (алдын-ала жазылу бойынша), фотосалондар мен гүл дүңгіршектері, жылжымайтын мүлікпен қызмет көрсететін компаниялары, айырбастау пункттері жұмысын қайта бастайды.
Қызмет көрсету саласы бойынша аяқ киім жөндеу, химиялық тазалау, баспа ісі бойынша нысандардың жұмысын іске қосуға рұқсат етілген.
Сондай-ақ, жұмыс кестесі сағат 17:00-ге дейін, алаңы 500 шаршы метрге дейін жеке тұрған азық-түліктік емес (СО, СОО және СҮ тыс) дүкендердің қызметіне рұқсат берілді.
Жалпы, қызмет көрсетуге рұқсат етілген осы салалардың барлық кәсіпорындарына Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «3-ші кезеңнің жекелеген салаларының нысандары қызметіне шектеулерді алып тастау тәртібі туралы» қаулысында жазылған санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды міндетті түрде сақтау талаптары таратылатын болады.
Шектеуді алып тастау жоспарланып отырған бірқатар салалар нысандары алгоритмді орындаған жағдайда тиісті салалар ұйымдарының қызметін жалғастыруға рұқсат етіледі.
Алгоритм келесі қадамдық әрекеттерді қамтиды:
1. Алматы қаласы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «3-кезеңнің жекелеген салаларының нысандары қызметіне шектеу қою тәртібі туралы» қаулысымен (бұдан әрі - қаулы) танысу;
2. Қаулының талаптарына сәйкес нысандарды дайындау;
3. Дайындау процесі аяқталғаннан кейін - infoalmaty.kz сайтында тіркеліп, нысанның қаулы талаптарына сәйкес дайындалғанын растап, электрондық цифрлық қолтаңбамен хабарламаға қол қою арқылы кәсіпорындарда нормалардың сақталуына кепілдік береді.
Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті нысанды тексеру кезінде дұрыс емес ақпарат ұсынған және қаулыда жазылған талаптарды сақтамаған жағдайда нысанның қызметін тоқтатуға дейін әкімшілік шаралар қабылдайтын болады.
Өтінімдерді қабылдау биылғы 3 мамыр күні сағат 09.00-ден басталады. Нысанды іске қосу тек қаулы талаптарына сәйкес нысан дайындалған және infoalmaty.kz сайтында тіркеуден өткен жағдайда ғана іске асады.
Аталған нысандарды ашу аясында жұмыспен қамтылғандар саны 41,4 мың адамға дейін артады деп күтілуде.