Қарағанды облысындағы Жезқазған қаласында COVID-19 індетінің жаңа ошағы пайда болды. Облыс әкімінің баспасөз қызметі бүгін бұл қаладағы үш тұрғынның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны туралы хабарлама таратты.
Науқастар 1996 және 2000 жылдары туған жас жігіттер және 20 жастағы қыз бала. Олардың барлығы да Ресейден келген бетте карантинге орналастырылған екен. ПТР-талдау пациенттерде COVID-19 індетінің белгілері бар екенін растағаннан кейін, олар инфекциялық стационарға жатқызылды.
Бүгін белгілі болған төртінші науқас Теміртау қаласынан шықты. Жасы 38-дегі ер адам бұрын індет жұқтырғандармен байланыста болғандықтан карантинге орналастырылыпты. Қазір ол да инфекциялық стационарға жатқызылды.
Бүгінгі күнгі мәліметке сай, Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 159 пациентке жетті. Оның ішінде екі науқас қайтыс болды және 73 адам «жаман тұмаудан» жазылды.