• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Мамыр, 2020

От пен су - тілсіз жау...

700 рет
көрсетілді

Бүгін Солтүстік Қазақстан ТЖ департаменті бастығының орынбасары,  полковник Нұрлан Атығаев журналистерге облыстағы өрттер мен су тасқыны бойынша брифинг берді.

Тұрғындарды жаман індеттің таршылығы бір жағынан қысып жатқанда тілсіз жаулардың қыспағы да екінші жақтан қояр емес. Жыл басынан бері біздің шағын облыста 16 адамның өмірін жалмаған 198 өрт болған. Өткен мереке күнінің өзінде ғана екі өрт болыпты. Мүсірепов ауданының «Червонное» селосында болған өртте 1966 жылы туған әйел көз жұмған. Ал Петропавлдың іргесіндегі Прибрежное селосында болған өрт туралы біз жаздық. Екі өрттің де шығу себебі, алдын ала анықтауларға қарағанда, отқа  немқұрайлықпен қараудың салдарынан болған. Сонымен бірге ескі қауды күйдіргенде кеткен өрттер де біршама көп. От желдің екпінімен күшейіп, тез жайылғандықтан жақын маңдағы тұрғындардың мүлкі мен малына зиян келтірген. «Бүгінгі таңда 560 гектар жерге тараған сондай 400 өрт болды. Өрт негізінен адамдардың өртке сақтықпен қарамауынан болады. Олар даладағы оттарды сөндірмей тастап кеткендіктен, тіпті шылымның өшпеген тұқылын тастап кеткеннен тұтанған. Осындай жағдайларды бақылау үшін біз 55 ұтқыр топ құрдық. Құрамында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлері, жергілікті полиция және орман шаруашылығының жұмыскерлері болған барлығы 232 адамнан тұрған осындай топтар 200-ден артық рейдтер өткізді. Олардың жұмыстары тиімді болды, от қаупін тудырған 71 адамға әкімшілік жауапкершілік жүктеліп, 230 мың теңгенің айыппұлы салынды», деді Нұрлан Атығаев.

Ал су тасқынына байланысты хабарламасында ол облыстағы қазіргі жағдай тұрақты екенін жеткізді. Гидрологикалық бекеттер судың қалыпты жағдайда төмендеуін бақылаған.

Солтүстік Қазақстан облысы