Ұлттық тарихтағы қилы заманды бейнелейтін «Қазақтардың ұлы босуы» атты триптихын, «Исатай- Махамбет», «Балуан Шолақ» пен «Түйе палуан» акварельдерін, азамат соғысының батырлары: «Амангелді Иманов», «Әліби Жангелдин», ұлы ақын «Абай» мен тұңғыш рет ұлы күйші «Құрманғазының» бейнелерін кескіндеген, көптеген портреттер салған Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әубәкір Ысмайыловтың есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс.
Ұлттық тарихтағы қилы заманды бейнелейтін «Қазақтардың ұлы босуы» атты триптихын, «Исатай- Махамбет», «Балуан Шолақ» пен «Түйе палуан» акварельдерін, азамат соғысының батырлары: «Амангелді Иманов», «Әліби Жангелдин», ұлы ақын «Абай» мен тұңғыш рет ұлы күйші «Құрманғазының» бейнелерін кескіндеген, көптеген портреттер салған Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Әубәкір Ысмайыловтың есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс.
Сонымен қатар, оның елімізде кенжелеу дамыған би өнерін өркендетуге қосқан үлесі де ұлан-ғайыр. Ол Алматы филармониясы жанынан тұңғыш қазақ халық би ансамблін ұйымдастырды. Би ұжымының репертуарын «Қара жорға», «Ақсақ киік», «Қарасай», «Құсбегі-дауылпаз», «Өрмек биі», «Сайыс биі», «Қылыш ойыны», «Насыбайшы», «Жастар биі», «Алқақотан», «Айқосақ» және басқа да билерімен байытты. Бұл өнерді ол әкесі Ысмайыл Мусиннен үйренгендігін, ол кісі, сондай-ақ, халық ауыз әдебиетінің білгірі, керемет сықақшы болғандығын айтқан. «Әубәкір аға шебер домбырашылығымен қатар пианино, гармонь және гитара аспаптарында ойнай беретін. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі халық ауыз әдебиетіндегі аңыз-әңгімелерді жинақтап, оны өте әсерлі етіп әңгімелеуші еді» деп сағынышпен еске алады кейінгі әріптестері.
Кино актері ретінде Әукең «Тақиялы періште», «Көгілдір маршрут», «Біздің сүйікті дәрігер», «Көкжиектер» фильмдеріне түсіп, айрықша дарынымен көрермендер қошеметіне бөлене білді. Әубәкір Ысмайыловтың (1913-1999) өмірбаянын қарт журналист, энциклопедист-жазушы Асан Жұмаділдин өз аузынан жазып алған. Ол былай дейді: «Мен, документ бойынша 1913 жылы, ал шынында 1910 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Тельман ауданы, Шерубай-Нұрадағы «Жартас» деген жерде, № 6 ауылда туғанмын. Әкем Ысмайыл ағылшын консьенерлері тұсында Спасскіде жұмыскер болған. Шешемнің аты Мәриям, руы Тоқа, Сәкендерге жақын туыс болады. Әкем Нілдіде жұмыс істеген.
Қарсақпайға Нілдіден, Спасскіден саймандарды көлікпен тасыды. Сонда пагонщик - көлік айдаушы болдым. Балакезімде Нілдіде жүргенде-ақ сурет сыза бастаған едім, 1925 жылы Қызылордаға бардым. Сәкен мені ала кел деген екен. «Еңбекші қазақ» газетіне орналастырды, график-суретші болдым. Абай мектебінде оқыдым. ҚазЦИК жанындағы Ғани Мұратбаев атындағы пионер отрядында вожатый болдым. Бір жарым жыл Сәкеннің үйінде бірге тұрдым. Сәкен мені ИЗО консультативный кружоктарға қатыстырды. Сәкен мені Петропавлдың деткоммунасына оқуға жіберді. Онда ИЗО кружогы бар екен, 1927 жылдары «Қазкоммуна» деп аталады. Ол мектептің ИЗО кружогы Москвамен байланыс жасап тұрады. Онда Г.К.Савицкий деген профессионал художник арнайы сабақ берді. Қойшыбаев, Шегебаев, Сәрсенбаев сияқты талантты жігіттер бар еді. Бурабай, Көкшетауға апарып табиғат суретін салдыратын. Петропавлдың музейі мен театр клубында суретші болып істедім. Землемерлерге картограф болдым».
Қара жорға биін1928 жылы Казкоммунаның көркемдік жетекшісі Ақтай Мамановтан үйреніп, Ә.Ысмайылов суретші досы А.Шегебаевпен бірге Петропавл Мәдениет үйінің сахнасында алғаш рет билеген. «Бұл биді атақты халық өнерпаздары Досей Әлімбаев мен Бәжібай Ысқақов керемет билеуші еді» деп жазады Әукең би тарихы туралы өз естелігінде.
1928 жылы Қазақстанның тарихында бірінші рет жылжымалы көркем суреттер көрмесі ашылады. Соған қатысқан қылқалам шеберлерінің ең жасы Әубәкір Ысмайылов еді. Көрмеге келушілер назарына оның «Сарыарқа даласы», «Бетпақдаладағы мерген», «Батырақтар» деген т.б. 20-дан астам сериялы қарындашпен салынған картиналары, «Нілді», «Спасск», «Бурабай», «Сәкен Горькиймен бірге Бурабайда дем алды» деген суреттері ұсынылды. Осы көрме Петропавлдан кейін Павлодар, Семей, Қарсақпайға қойылды. Н.И.Крутильников, Ф.И.Болкоев, М.А.Белов, В.И.Уфимцев сияқты талант иелерінің ұйымдастыруымен өткен жылжымалы көрме көпшіліктің зор құрметіне бөленеді. Бұл туралы жергілікті «Смычка» газеті сол кезде былай деп жазды: «Көрмеге тырнақалды суреттері қойылған жас қазақ – Коммуна курсанты Әубәкір Ысмайылов жай ауылды суреттеп қана қоймаған. Ол Совет өкіметі тұсындағы оянған, жаңарған ауыл тұрмысын толғана көрсеткен: бір суретінде қазақтар қараша үй жанында газет оқып жатыр; екіншісінде қаладан оралған жалшы қызықты әңгіме шертіп, үгіт жүргізіп отыр... Әрине, Ысмайылов ерекше талант иесі екенін өзі де сезбейтін болар, көрме оның таланты жайлы ашық айтары хақ. Бәлкім, оның живопись саласында оқығаны жөн болар, ол осылай істер де, өйткені, одан жақсы қылқалам шебері шығатынына күмән жоқ». (Ефимович В. «В чем ценность выставки». – «Смычка», Петропавл, 30 желтоқсан 1928 ж.).
Жас суретшінің болашағына зор үміт артқан Сәкен Сейфуллин Ә.Ысмайыловты 1928 жылы Омбы қаласындағы жоғары оқу орнына студенттер даярлайтын М.А.Врубель атындағы көркем-кәсіптік техникумның қазақ жастарына арналған 3 айлық курсына жібереді. Содан кейін Ә.Ысмайылов Москвадағы художественный институттың графикалық факультетіне оқуға түседі. «Осының бәрі менің кәсіби шеберлігімді ұштауыма ықпал етті. 1931 жылы Б.И.Пророков, Ф.П. Решетников, С.П.Урусевский сынды белгілі шеберлердің қатысуымен Мәскеуде өткен жас суретшілердің көрмесіне қатыстым. Мәскеуде актер, режиссерлер дайындайтын жоғары оқу орнында оқыдым», деп жазыпты ол өзінің естелігінде.
1932 жылы Ә.Ысмайылов Қазақстанға жоғары білімді кәсіби маман болып оралып, «Социалистік Қазақстан» газетіне карикатурашы-суретші болып орналасады. Осы кезде ол туған өлкесіндегі кеншілердің бейнеті мол ауыр еңбегін, шахталардағы оң өзгерістерді өз шығармаларына арқау етті. Солардың бірі «Қарағанды шахтерлері забойда» атты живопистік еңбегі 1934 жылы Москвада Шығыс мәдениеті музейінде өткен «Қазақстан өнері» көрмесіне қойылып, жоғары бағаланды. Ал бұған дейін, 1933 жылдың қазан айында оның Алматыдағы республикалық Мемлекеттік орталық музейде «Қазақстан суретшілері социалистік құрылыс үшін күресте» атты көрмесі өткен болатын. Міне, осы көрменің негізінде Қазақстан Суретшілер одағы құрылып, орнықты. Қазақстан суретшілерінің ұйымдастыру комитетінің тұңғыш төрағасы болып сайланған 20 жасар Ә.Ысмайылов, жастығына қарамастан Одақ жұмысын өркендетуге белсене атсалысып, тынбай еңбек етті.
Суретші Әубәкір Ысмайылов саяси карикатура мен плакат жанрында көп еңбек етті. Халық байлығын талан-таражға салушылар, портфельге ие болған алаяқтардың қолдауына сүйенген жымысқы адамдар дән толы қанар қаптарды ұрлап барады. Қанқұйлы Жапон милитаризмінің алпауыт қорқаулары Маньчжурия жағалауында өрмелеп келеді. Әлемде болып жатқан оқиғаларды адамдарға қарапайым да тапқыр тілмен түсіндіріп беретін бұл жанрдағы суреттері халық арасында кеңінен танымал болды.
1936 жылы суретші Қазақ өнерінің Москвада өткен онкүндігіне қатысты. А.Бортников, Ә.Қастеев, Н.Крутильников, А.Риттих, Қ.Қожықов, Н.Хлудов шығармаларымен қатар, Үлкен театр фоэсінде Ә.Ысмайыловтың да шығармалары жұртшылық назарына ұсынылды.
Жоғарыда Ә.Ысмайыловтың еліміздің би өнерін дамытуға да өзіндік үлес қосқанын айттық. Москвадағы театр университетін бітірген ол халық хореографиясын жете зерттеп, Қазақ КСР халық биі ансамблін құрып оның бірінші жетекшісі болды. Бишілік өнер Әубәкірге атасы мен әкесінен мирас болған деседі көнекөз қариялар. Халық билеріне тән әрекет, қимыл-қозғалыстарын салған альбом-оқулық, кейін балетмейстер Д.Әбіровпен бірігіп «Қазақтың халық биі» деген атпен кітап болып басылып шықты.
1964 жылы Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдық торқалы тойына орай Жаңаарқа ауданының Мәдениет үйінде киноактер, режиссер, хореограф, суретші Әубәкір Ысмайыловтың өзінің қатысуымен сурет көрмесі ашылды. Сурет галереясын тамашалаушылардың легі толастамай, көрме елдің ыстық ықыласына бөленді.
Суретшінің дара таланты, өзіне тән қолтаңбасы, творчестволық ізденісі, бояу тілін жете меңгерген табиғи дарыны, натураға деген айнымас адалдығы, ешкімге ұқсамас дүниетанымы көрушілерден әділ бағасын алды. Оның сурет көрмелерінің табысты өткені өз алдына, ұзақ жылғы шығармашылық еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (1960ж.) құрметті атағымен,