Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім алушылары арасында алғаш рет өткізілген «Біз біргеміз» би фестивалінде қызылордалық зияткерлер 2 жүлделі орын иеленді.
Алпысқа жуық оқушы қатысқан байқау халық билері, қазіргі заман хореографиясы, спорттық балдық би, хип-хоп және k-pop бағыттары бойынша өткізілді. Алғашқы жанрда мектептің 11-сынып оқушысы Елжан Жарылқасын, 12-сынып оқушылары Гүлмарал Кеңесбек пен Жансая Серікбай өз өнерлерін көрсетсе, қазіргі заман билерінен 11- сынып оқушылары Мерей Исатай мен Назым Қуандық және 10-сынып оқушысы Баян Сарибаева бақ сынады.
Байқаудың ақтық кезеңіне жолдама алған Жансая І орын, ал Баян жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, фестиваль барысында би қойылымында креативті мазмұнмен ерекшеленген Мерей Исатай «Үздік қойылым» номинациясымен марапатталды.
Айта кету керек, Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырған алғашқы онлайн би байқауын алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.