«Egemen Qazaqstan» газетінің биылғы 17 наурыздағы санында жарық көрген «Халық санын қандастар көшінің есебінен көбейте аламыз ба?» атты мақала өте өзекті мәселені қозғапты. Көлемді мақалада қандастардың мәселесі жан-жақты терең талданып, жүйелі ұсыныстар жасалған.
Шынында халық санын қандастар көшінің есебінен көбейте аламыз ба? Қазірдің өзінде бір миллиондай қандасымыз алпауыт Ресей халықтарының арасына із-түзсіз сіңіп кетеді деген қауіп бар. Олардың айтуына қарағанда, орыстану қаупі бар және қандастарымыз әртүрлі қыспақ та көреді екен. Ал Ресей басшылығы басқа елдердегі орыстарды өз жеріне үлкен жеңілдіктермен көшіріп алуға белсене кіріскені белгілі. Әрине, шетелден келген қандастарымызды ең алдымен баспана мәселесі алаңдатады. Бұл жағдайда екі жаққа да ұтымды жолы: Қазақстан және Ресей тұрғындары арасында жеке үй не пәтерлер айырбастау интернеттік базасын құру дұрыс болар еді. Сонда іс алға басатыны сөзсіз. Ол үшін екі ел арасында келісімшарт жасалуы тиіс. Тағы бір айта кетер жайт, қандастардың басым көпшілігі оңтүстік өңірлерге көшіп келуде. Бұл әрине, түсінікті, бірақ қандастарымызды солтүстік аймақтарға орнықтыруға да зор көңіл бөлінуі қажет. Бұл мәселеде шағын қалалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет. Ондай қалашықтар саны елімізде аз емес. Сондай-ақ солтүстік облыстарда қаншама ауылдар бос қалған.
Тағы бір ой. Солтүстік облыстарда қандастарымыз уақытша тұратын жатақханалар салу ісі қолға алынса. Жатақханалар ешқашан артық болмайды. Жалпы алғанда қандастардың хал-ахуалын қадағалау, мұң-мұқтажына көңіл аудару, көмек көрсету тек Үкіметтің ғана емес, баршамыздың міндетіміз.
Нақыпбек СӘДУАҚАСОВ,
заңгер