Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Қырғызстан мен Тәжікстан республикаларының әрбіріне гуманитарлық жәрдем ретінде 5000 тоннадан ұн жеткізіп беру ұйғарылды.
Бұл шешім қырғыз және тәжік тараптарының Қазақстанға ресми өтініштеріне байланысты қабылданған болатын. Бұл туралы Президент Қ.Тоқаев 10 сәуірде өткен Түркітілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің төтенше бейнесаммитінде COVID-19 пандемиясы жағдайында еліміз үшін бауырлас мемлекеттердің азаматтарына барынша қолғабыс жасаудың маңыздылығын айта келе, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қырғызстан мен Тәжікстанға қолдау көрсетілетінін (әр елге 5 мың тоннадан ұн беріледі) айтқан болатын.
Өткен аптада Қырғыз теміржолының Бішкек қаласындағы жүктерді қабыл алатын бекетіне Қазақстаннан 12 вагонға артылған 800 тонна ұн келді. Бұл ұнның бірінші партиясы, қалған 4 200 тонна ұн кезең-кезеңімен жеткізілмек.
Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшілігінің өкілдері қатысқан жүктерді өткеріп беру рәсімінде Қырғызстанның ауыл шаруашылығы, азық-түлік кәсіпорны және мелиорация министрі Эркинбек Чодуев қырғыз тарапы Қазақстан Республикасының Үкіметі көрсетіп отырған жәрдемді жоғары бағалайтынын айтып, қолдау көрсеткені үшін туысқан Қазақ еліне терең ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Қырғызстанға өткен айда Өзбекстан мен Ресей де қолдау көрсеткен еді. Атап айтқанда, Өзбекстан гуманитарлық жәрдем ретінде 1000 тонна ұн және індеттен қорғануға қажетті медициналық бұйымдар алуға қаражат берген. Ал енді, Қырғыз Республикасының Үкіметіне қарасты Мемлекеттік материалдық резерв қоры Ресей Федерациясының азық-түлік корпорациясынан 33 мың тонна бидайды сатып алу жөнінде келісімге қол қойған. Бүгінгі күнде мұның 1800 тоннасы Қырғызстанға жеткізілді.
Ал енді, Қазақстанның жәрдемі өзгеше болып тұр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «қазақ пен қырғыз әлемдегі бір-біріне ең жақын халық» деген сөзі есімізде. Қазақ елі бұл жақындықты қиыншылық заман басқа түскенде тағы да дәлелдеп отыр. Таратып айтқанда, 5000 тонна ұн – 100 мың қап. Демек, жәрдемге мұқтаж қырғызстандық 100 мың отбасы бір қаптан тегін ұн алады.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Қырғыз Республикасы,
Бішкек қаласы