• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Мамыр, 2020

Қауіпсіздікке салғырт қарамайды немесе жұмысын қайта бастаған мекемелердегі жандану

218 рет
көрсетілді

Көшедегі көптеген көліктер мен ары-бері сабылысқан адамдарға қарап, қаладағы қалыпты өмір қайта басталғандай сезінесіз. Бірақ бұл карантин бітті, коронавирус кетті дегенді білдірмейді. Наурыз айының ортасынан бастап жарияланған төтенше жағдай режімі елімізге жеткен індетті есіктен қайтаруға көп ықпал еткенін жасырмаймыз. Дегенмен, әлі де болса сақтық шараларына салғырт қарамаған абзал.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдемесінде Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын екенін атап, аталған комиссияға елорданың үлгісімен еліміздің барлық өңірінде өз жұмыстарына кірісетін мекемелердің тізімін жасау тапсырылғанын айтқан болатын.

«Бірінші кезекте өнеркəсіп кəсіп­орындары, құрылыс, жол құрылысы жəне көлік компаниялары, банктер жəне халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек. Бірақ барлық санитарлық нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізіп тұру қажет. Күнделікті өмірде əлеуметтік ара қашықтықты ұстанған жөн. Кəсіпорын басшыларына жəне жергілікті атқару органдарына жеке жауапкершілік жүктеледі. Бұл орайда барлық деңгейдегі əкімдіктердің рөлі айтарлықтай артады», деді Қ.Тоқаев.

Осыған орай Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтіп, Мемлекеттік комиссия өңір әкімдерінің ұсыныстарын қарап, Денсаулық сақтау министрлігінің позициясын ескере отырып, бірқатар шешім қабылдаған болатын. Дәлірек айтсақ, 4 мамырдан бастап барлық өңірде жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізімі бекітілген еді. Олардың қатарында аумағы 500 шаршы метрге дейін болатын азық-түліктік емес дүкендер сағат 17:00-ге дейін (барлық түрлері), фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер, шаштараздар (жазылу бойынша), медицина орталықтары (жазылу бойынша), стоматологиялық клиникалар (жазылу бойынша), жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариус­тер, шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбастау пункттері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары бар.

Президент пәрмен берген мәселелердің қалай орындалып жатқанын көру мақсатында «Астаналық базардың» маңын шолып өттік. Айтқандай, дүңгіршектер мен дүкендер жұмысын бастап кеткен екен. Әсіресе шаштаразға кезекке тұрған адамдардың қатары қалың. Қырық күн қырқылмаған шаштың шаруасын шешуге келгендер көп сияқты. Сонымен бірге аяқ киім, киім-кешек сататын шағын дүкендер де қызметке қызу кіріскен. Соның біріне бас сұғып, басшысын әңгімеге тарттық.

«Коронавирус індеті Қазақстан азаматтарынан тіркелді дегенді естігенде елдің есендігі үшін елеңдеп, арты қалай болар екен деп алаңдаған болатынбыз. Бірақ Мемлекет басшысы бастап, ел қостап дер кезінде шұғыл шешімдер қабылданып, алдын алу шаралары жасалғанын көзіміз көрді, көңіліміз сүйсінді. Дегенмен, алғашында тәртіпке бағынбай, бетперде тағынбай жүргендерді де көріп, налығанбыз. Қауіптің қарқынын байқаған азаматтар содан кейін сақтанып, үйінен шықпауға да үйренді. Күрделі індетпен күресіп жатқандарға үстемеақы, табысынан айырылғандарға жәрдемақы тағайындап, кәсібі бар азаматтарды салықтан босатып, мемлекет мейілінше мейірімділік танытуда. Мен де кәсіпкермін. Карантин енгізілген күннен бастап елмен бірге ережеге бағынып, сау­дамды тоқтатып, саулықты ойладым. Салықтан босатылғаным туралы хабарлама алдым. Тәубе дедім, тәртіпке бағындым», дейді ерлер, әйелдер аяқ киімі және киімдері дүкенінің басшысы Айгүл Есенбекқызы.

Сонымен қатар ол, кешеден бері сауда дүкенінің есігін ашып, шаңын сүртіп, шамын жағып іске кіріскенін алға тартты.

«Әрине бұл жерде ең бірінші елдің аман-саулығы үшін сақтық шараларына баса назар аударамыз. Тұтынушылардың топтанып кіруін тоқтатып, екі-үш адамнан ғана енгізіп, қызмет көрсетеміз. Дүкеннің ішін дезинфекциялап, сөрелерді сүртіп, тазалық тәртібін сақтаудамыз. Апаттың айтып келмейтіні анық қой, сондықтан ел басына осындай күн туғанда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігімізді байқатып, татулығымызды таныту керек. Әлем жұртшылығын әуре-сарсаңға салған індеттің ізі тезірек жоғалып, ауырғандар оңалып шықса екен», дейді кәсіпкер А.Есенбекқызы.

Осылайша, елорда тіршілігі қайтадан жанданып, көшелерде адам мен көліктің қарасы көбейіп, түрлі қызмет көрсету нысандары келушілерге есіктерін айқара ашуда. Дегенмен де қызмет көрсету мен табыс табудың қызығына түсіп кетіп, тазалық пен тәртіпті ұмыт қалдырмасақ жөн болар еді.