• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Тарих 05 Мамыр, 2020

Бай-өлкеліктерге Қызыл Армия сыйлаған бесатар

1007 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың ортасында, яғни 1940 жылы Моңғол Халық Республикасының батысында ұлттық ерекшелігін сақтаған жаңадан «Бай-Өлке» атты қазақ аймақ құрылды. Оның іргесін бекемдеу жұмысы екінші дүниежүзілік соғыспен қабат келді.

Аймақ халқы өздері жетіспей отырса да, қолындағы май-құртын, қорасындағы малын соғысқа көмек ретінде атады. Осы тұста аймақ басшысы болған Жеңісхан Дүзелбайұлы «Соғысқа көмек» акциясын басқарып, ұйымдастырушылардың алдыңғы қатарында жүрді.

Жекең бертінде байөлкелік қаламгер Соян Қажыбайұлына айтып беріп жаздырған естелігінде: «Екінші дүниежүзілік соғысқа көмек беруді күні-түні ұйқысыз жүріп ұйымдастырдық. Осы арқылы Кеңес Одағының назарын Бай-Өлкеге тарту жұмыстарын мықтап қолға алдық. Нәтижесінде, соғыс аяқталған соң бізге СССР-дың көл-көсір көп көмегі келді. Майданға жіберген көмегіміздің қарымтасын да осылай көрдік. Бұл істердің барлығын  маршал Чойбалсынмен тікелей нұсқауымен атқарып шықтым» деген екен.

Аймақтық архив қорында: «Бай-Өлке халқы 1941-1942 жылдары майданға 702 899 сомның дүниесін жинап, соғысқа  4791 ат жіберді. 1943 жылы 376 370 сомды ақшалай жинап, оған қоса 2629 жылқы берді. 1944 жылы 103 768 сом жинап, тағы да 791 ат дайындады. 1945 жылдың басында 1071 ат берді» деген құжат сақталған.

Бай-өлкеліктердің көмегін қабыл алған Қызыл Армия өкілдері де қарап қалмай, аймақ халқына сәлемін жолдап, ұйымдастырушы Жеңісхан Дұзелбайұлына бесатар мылтық сыйға жіберген екен (суретте). Ал бұқараға жіберген құттықтау хаттында былай делініпті:

Жүнисхан (Жеңісхан) жолдасқа!

Сізге осы қарапайым сыйлықты винтовканы табыс ете отырып Қызыл Армияның Солтүстік-Батыс майданындағы жауынгерлер, командирлер және саяси қызметкерлер Отанымыздың  дұшпандарымен қиян-кескі соғыс жылдарында Қызыл Армияға қамқорлық танытып, көңіл бөлген Сізге және Сіз арқылы туысқан моңғол халқына шын жүректен сәлем жолдап, алғыс айтады.

Сіздердің делегацияның майдандағы біздің бөлімге келуі, жауынгерлермен жүздесіп, сыйлық тарту еткені СССР мен МХР халықтары арасындағы достық арқауының  нығаюына жаңа серпін беріп, біздің бөлімнің дұшпандарға соққы жасауына тыңнан күш қосқандай болды.

Монғол  Халық Республикасының еңбеккер халқына және Халықтық Революциялық Армиясының сарбаздарына қызылармиялық біздің алғысымыз бен жауынгерлік ыстық сәлемімізді жеткізуіңізді өтінеміз.

Солтүстік-Батыс майданның әскери кеңесі:

        Генерал лейтанат Владимир БОГАТКИН

        Генерал лейтанат Вениамин ЗЛОБИН

        Генерал майор Алексей ПРОНИН

22 желтоқсан, 1942 жыл.