Қазалы ауданында төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызмет шығындар өтеуге байланысты сұрақтарға жауап беретін сall-орталық ашылды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Енді аудан тұрғындары төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет ақы есебінде берілетін 15 мың теңгені алу үшін еш жерге бармай-ақ, осы орталыққа хабарласып, өтініш бере алады.
Тұтынушы өз өтінішінде жеке сәйкестендіру нөмірін, әлеуметтік мәртебесін, есепшот дерегін көрсетуі тиіс.
Аталған әлеуметтік көмек 1,2 және 3 топтағы мүгедектерге, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдарға, мүгедек балаларды тәрбиелеуші отбасыларға, көпбалалы отбасыларға, ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлерге, мемлекеттік және қоғамдық міндеттерін және әскери қызметін орындау кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін орындау кезінде кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасыларына және атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлерге тиесілі.