Сонау бір жаусоқты жылдары туған жерінен ауған бір топ мұсылман қауым азып-тозып, тентіреп, дінсіздер еліне көшіп барған екен. Олар ауған елге өктемдік жасап, реті келсе дүние-мүлкін бұлап-талайды. Көшкен ел бұл өлке баянды тұрақ болмайтынын сезіп, басқа жаққа қоныс аударуды ойластырады. Бірақ ат-көлік жоқ, қол қысқа, жолай шөл даланы кесіп өту үшін азық-түлік, су қоры жетпейді.
Ел қиналып, не істерін білмей тарығып тұрған сәтте, кәрі ата-анасы бар өзі айдай сұлу бір мұсылман қыз айтады:
- Қадірлі халқым, сіздер мынадай дінсіз елдінде қалып қойсаңыздар, түптің түбінде ұрпақ азады, бәріміз кәпір болып құримыз. Мен сіздерді құтқарғым келеді, маған осы елдің басшысы сөз салып, әйелі болуымды қалайтынын айтты. Сол адамға әйелдікке барам, оның ақысына ол сіздерге ат-көлік және шөлден өтуге жететін азық-сусын береді. Соны алып сіздер мұсылмандарға жетіп алыңыздар. Мен өз халқым үшін осылай етуге мәжбүрмін, - деп жылайды.
Ауған елдің ақсақалдары ақылдасып қыздың уәжісін құп көріп, барлығы оған ақ батасын береді. Елдің ақ батасын алған қыз патшаға адам жіберіп, өзінің келіскенін және шартын айтады. Қыздың шартын естіген патша қарқылдап күледі. Өйткені, азғана ат-көлік пен қыз сұраған азық-түлік оған шығын емес еді. Осылай дана қыздың арқасында мұсылман қауым өздері діттеген жеріне жетіп, жау-жардан құтылады.
Ал, дінсіз патшаға қатын болған қыз күйеуінің айтқанын бұлжытпай орындап, жүре береді. Қанша қиналып бейнет шексе де құлшылығын тастамайды. Күйеуінен көрген қорлық-зорлығына төзіп «сынақтан кейін оның сыйлығы барына» үміт етіп, дұға жасай береді.
Айтпақшы бұл алғаш әйел болған тұста патша қыздан, «сендердің діндеріңде әйел болған адамға қандай сый жасалады» деп сұрағанда, қыз, «мен нені қалаймын соны сыйлайсыз»-дейді.
- Сен нені қалайсың?
- Сіз не сыйлайсыз мен соған ризамын.
Патша қызға өзінің есімі жазылған алтын жүзік сыйлайды. Қыз бұл сыйлықты шағын сандықшаға салып қояды. Арада жылдар өтеді. Патшаны шайтан түртеді. Әйелі жоқта сандықты ашып жүзікті алады. Оны жоқ етіп «кімге бердің» деп әйелін қинамаққа бекиді. Сөйтіп, жүзікті қыстақтың қасында ағып жатқан үлкен өзенге лақтырып жібереді.
Бұл оқиғадан бейхабар әйел ертеңінде су алу үшін өзенге барады. Ауылдың балықшылары көп балық ұстаған екен соны бөлісіп жатқан сәтке кез келеді. Балықшылар әдепті сыйлы әйелге екі балық береді. Әйел балықты шелегіне салып үйіне алып келеді. Үйге келген соң балықтардың ішін жарып тазалайды.
О, құдірет, бір балықтың ішінен алтын жүзік шыға келеді. Анықтап қараса өзіне күйеуі сыйға берген жүзік. Жүгіріп барып сандықты ашса қобдиша бос тұр. Әйел «бұл істеде де, бір ғибрат бар шығар» деп жүзікті орнына салып қойып, ешкімге айтпай жүре береді. Ертеңінде күйеу шақырады. Барса қабағынан қар жауып, ашуланып отыр екен. Бірден:
- Саған сыйға берген алтын жүзік қайда?-дейді. Әйел:
- Сандықта сақтаулы тұр.
Патша үйдегі сандықты сарайға алғызып, көптің көзінше:
- Сандықты ашып жүзікті алып шық!-деп әйелге бұйырады. Әйел «бисмилласын» айтып сандықты ашады, ішінен қобдишаны алып шығады да, «Міне, тақсыр» деп жүзікті көрсетеді. Патша да жүзікті таниды, дәл өзі. Бұл қалай болғаны, өз қолымен өзенге тастаған еді ғой... Ақыры әйеліне шындықты айтып, жүзіктің қалайша орнында тұрғанын сұрайды. Әйелі де ештеме жасырып қалмай, болған оқиғаны баяндайды.
Тәңірдің өзі сүйген құлын қалай қорғайтынын ұғынған патша, әйелге, «сен тура жолда екенсің мен сенің дініңді қабылдаймын үйрет!» дейді. Әйел тағдырына мың рет шүкірлік айтап, куйеуіне мұсылмандықты үйретеді. Патшасы мұсылман болған ел ақыры бәрі мұсылман болып тынады. Осылай бір тақуа әйелдің арқасында бір тайпа ел еш зорлықсыз ақихат жолын тапқан екен.