Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр.
Аталған құжатты таныстырған Мәжіліс депутаты Азат Перуашев заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде парламенттік оппозиция институтын заңнамалық тұрғыдан бекіту тапсырмасына сәйкес дайындалғанын айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Ақ жол» демократиялық партиясы алдын ала дайындаған парламенттік оппозиция туралы заң жобасын қазіргі жағдайдың талаптарына сәйкес қайта жаңартты. Заң жобасы фракция депутаттарының сапарлары барысында жергілікті және ұлттық деңгейде сайлаушылардың, ғалымдардың және саяси қоғам өкілдерінің талқылауынан өтті. Талқылау жұмыстары БАҚ беттерінде жарияланды. Мысалы, қаңтар айында «Хабар» арнасында тікелей эфирде бір сағаттық пікір алмасу өтсе, сәуірде тәуелсіз интернет ресурстарында шетелдік сарапшылардың қатысуымен тағы да екі тікелей эфир өтіп, заң жобасына қолдау көрсетілді. Біз өзімізді ұсыныстарды «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» екі заң жобасына бөлдік, - деді Азат Перуашев.