• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Мамыр, 2020

«Сталинград үшін шайқас»: нақты деректер, мәліметтер

3930 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Қазақстандық жауынгерлер Сталинград үшін шайқаста» виртуалды көрмесін ұсынады.

«Сталинград шайқасы» музей-қорығының (Волгоград қ.) қорынан виртуалды көрме Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасы аясында Қазақстандағы Ресей Федерациясы Елшілігінің және Қазақстан Республикасындағы Россотрудничество өкілдігінің бастамасымен арнайы қазақстандық көрермендер үшін дайындалды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың үздіксіз күш-жігері мен азаматтық ұстанымының арқасында Қазақстан мен Ресей халықтарының тарихи естелігінің ортақтығы тәуелсіздік пен гүлдену дәуірінде өмір сүріп жатқан ұрпақтардың мызғымас құндылығына айналған және «Қазақстандық жауынгерлер Сталинград үшін шайқаста» көрмесі Ұлы Жеңіске үлесін қосқан халықтардың тарихи естелігін құрмет тұтудың жоғары деңгейін көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов:

«Төтенше жағдай режіміне байланысты өзгерістер болса да жоғарыда аталған жоба біздің байырғы серіктестеріміз – Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасындағы Россотрудничество өкілдігімен ынтымақтастық арқасында жүзеге асты. Біздер бірлесе арнайы қазақстандық көрермен үшін қазақ және орыс тілдерінде виртуалды көрме дайындадық.

Жастарымыз ардагерлерге қамқорлық жасауда, оларды тұрмыста қолдайды, мерекелік іс-шараларға құрмет көрсетеді, Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған іздестіру топтары мен ғылыми зерттеу жұмыстарына белсенді қатысады, бұл - халқымыздың рухани және азаматтық құндылықтары сабақтастығының шынайы белгісі.

Қазақстаннан майданға 1 млн 200 мыңға жуық адам, сондай-ақ құрылыс батальондары мен еңбек армиясының жұмыс колонналарына 700 мыңға жуық адам аттанды. Бұдан басқа, соғыс басталарда 178 мыңға жуық адам Кеңес Қарулы Күштерінің бөлімдерінде қызметтерін өтеп жатты. Республикамызда барлығы Қарулы Күштер мен әскери салалардың 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 кавалериялық дивизиясы және 50-ден астам полктар мен батальондар құрылды. Ұлы Отан соғысында 700 мыңға жуық қазақстандық қаза тапты. Жыл сайын ғалымдарға мұрағаттардан, батырлардың мүрделері табылғанда соғыс майданында қаза тапқандар туралы жаңа мәліметтер алуда.

Сталинград бағытындағы әскер құрамында Қызыл Армияның 320 құрамасы мен 250-ден астам бөлімдері болды, оның ішінде бес атқыш  және кавалериялық дивизиялар, атыс бригадасы, миномет полкы және механикаландырылған мотоқұрылыс батальонынан құралған қазақстандық құрамалар болды.

Сталинградтық жау тобын қоршап, жоюдағы шайқастардағы ерлігі үшін төрт қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. 61-ші кавалерия дивизиясының атты-артиллериялық дивизиясының минометшісі Қарсыбай Сыпатаев 1942 жылғы 26 қарашада Шартуновский хуторы маңында (Сталинградтың оңтүстігіне қарай) шайқасты жалғыз өзі жалғастыра берді. Ол жау танкісін жару үшін өмірін қиды. 808-ші шабуылшы авиация полкінің ұшқышы, сержант Нұркен Әбдіров 16 жауынгерлік ұшуда бірнеше танк пен 200-ден астам автомашинаны жойған. 1942 жылғы 19 желтоқсанда Ростов облысы Боков ауданының Коньков хуторы маңында жауға шабуыл жасау кезінде жау зенитшілері оның ұшағын өртеп жібереді. Н.Әбдіров ұшағын жау танкілері колоннасына қарай бағыттайды. 17-гвардиялық танк полкінің командирі подполковник Тимофей Позолотин 1942 жылдың 19-22 желтоқсанында «Красная заря» совхозы, Нижнеяблонов және Хлебинский хуторлары аумағында жау шебіне рейд жасап, бірнеше мың басқыншының көзін жояды, 500 адамды тұтқынға алады. Лейтенант Гаяз Рамаев 29 атқыштар дивизиясы 128-атқыштар полкының барлаушы взводын басқарған. 1943 жылғы 16 қаңтарда Песчанка селосында жауынгерлерімен бірге ондаған фашистердің көзін жойып, 60 фашисті тұтқынға алады, ал он күннен соң Верхняя Ельшанка селосында 4 зеңбіректі басып алады. Ол осы шайқаста қаза тапты», деп атап өтті.

Көрме материалдары 1942 жылдың 17 шілдесінен бастап 1943 жылдың 2 ақпаны аралығында өткен Ұлы Отан соғысының ең қанды шайқастарымен ғана емес, бүкіл II дүниежүзілік соғыстың тарихымен таныстырады. Ұлы шайқастағы Жеңіс соғыс барысында түбегейлі бетбұрысқа қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сталинград шайқасында Отан үшін күрескен 500 мыңға жуық ержүрек жауынгер  қаза тапты. Олардың арасында көп ұлтты Кеңес Одағы халқының өкілдері, соның ішінде қазақстандықтар да болды. «Сталинград шайқасы» музей-қорығының қызметкерлерімен жиналған бірегей мұрағаттық материалдар шайқас батырлары туралы баяндайды және тұлғалардың ерлігімен тереңірек танысуға мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин:

«Көрмеде қазақстандық жауынгерлердің батырлығы мен ерлігі, олардың Сталинград түбіндегі нацистік тобырларды талқандауға қатысқаны туралы баяндайтын материалдар тұңғыш рет ұсынылды.

200 күн мен түнге созылған және 100 мың шаршы шақырым аумақты қамтыған Сталинград шайқасы адамзат тарихындағы ең ірі шайқастардың бірі болды. «Мамай қорғаны», «Павлов үйі» сынды сөздер батылдық пен төзімділіктің мәңгілік нышанына айналды, ал  «Сталинград» сөзі  «Жеңіс» сөзінің баламасы атанды.

Сталинград шайқасында неміс-фашист армияларын кеңестік әскерлер талқандаған 2 ақпан – бүгінде Ресейде Әскери даңқ күні ретінде аталады. Гитлер осы күнді барша Үшінші Рейх бойынша аза тұту күні деп жариялады, оның себебі Сталинград түбінде Германия мен оның жақтастарының 1,2 миллионға жуық адамы жер құшты, жараланды, Паулюс фельдмаршалдан бастап 300 мың солдат пен офицер тұтқынға алынды.

Қазақстанда жасақталып, Сталинград шайқасына қатысқан тоғыз дивизия соғыстың үнемі алдыңғы шебінде жүрді. Олардың ерлігін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында осыдан екі жыл бұрын Волгоградта салтанатты түрде монумент ашылды, онда Қазақстанның әр өңірінде Қызыл Армия жауынгерлерінің құрметіне орнатылған мемориалдардан жиналған топырақ салынған капсула сақталған.

Ұлы Отан соғысының майданында 1,5 миллион қазақстандық шайқасты. Қазақстанда жасақталған 12 атқыштар және 4 кавалерия дивизиясы, 7 бригада мен 50 полк Мәскеу, Сталинград және Ленинград қалаларын ерлікпен қорғады, Кавказдағы, Ржев түбіндегі, Қырымдағы кескілескен шайқастарға қатысты, Еуропаны азат етіп, Берлинді алды.

Соғыс оты шарпыған КСРО аумақтарынан эвакуацияланған мыңдаған отбасыға пана болып, үйін берген, асымен бөлісіп, бауырына тартқан Қазақстанның қонақжайлығы терең ризашылық сезімін тудырады. Қаншама қазақстандық күш-жігерін аямай «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен тылда жанкештілікпен еңбек етті.

Қазақстан бірер күннен соң Ұлы Жеңістің 75 жылдығын бірауыздан салтанатты түрде атап өтуге дайындалуда. Біздің көрмеміз осы атаулы күнге орайластырылған.

«Қазақстандық жауынгерлер Сталинград үшін шайқаста» атты көрмесі мемлекеттеріміз арасындағы достық одақтастық байланыстарды нығайта түсетініне, бәрімізге ортақ өткеніміздің ерлік беттерін еске алуға көмектесетініне сенімдімін. Мұндай жобалар біздің даңқты тарихымызды бұрмалауға, нацистік Германия мен оның жақтастарын талқандаудағы Қызыл Армияның рөлін төмендетуге тырысатын масқара әрекеттерге бірлесе қарсы тұруға мүмкіндік беретіні де маңызды дер едім», деді.

Виртуалды көрменің материалдарымен сайттан танысуға болады.