• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Мамыр, 2020

Ақмолада халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қайта жанданды

209 рет
көрсетілді

Көкшетау қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы қайта жанданды. Облыстық әкімдік жанынан құрылған төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі штаб осындай шешім қабылдаған.

Әуезов көшесінде орналасқан №1 халыққа қызмет көрсету орталығы мен мамандандырылған қызмет көрсету орталығы жұмысқа кірісті.  Жұмыс уақыты таңертеңгі 9 дан кешкі беске дейін. Шектеу ережелерін сақтау мақсатында және адамдар шоғырланбас үшін әкімдік тарапынан алдын ала жасалған тізім арқылы құжаттар қабылданады.  Яғни құжаты мақұлданған азаматтарға қызметтер көрсетіледі. Ал жеке тұлғаларға мұндай қызметтерді электронды Үкімет порталы арқылы алуға болады. 

– Заңды тұлғалар алдын-ала тапсырыс арқылы  кезек ала алады. Кешеден бері 10 адам түрлі мемлекеттік қызмет бойынша өтінім жасады. Негізінен – заңды тұлғалардың көктемгі егіске қажетті автокөліктері, жылжитын және жылжымайтын мүлікті тіркеуге қатысты құжаттар қабылданады. Дайын құжаттарды электронды Үкімет порталынан онлайн тапсырыс беріп алуға болады, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұрбек Қайыржанов.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келер болсақ қазір тек заңды тұлғалардың автокөліктері ғана тіркеуден өте алады. Маска режимі сақталады.  Жеке тұлғалар мұндай қызметтерге портал арқылы онлайн тапсырыс береді.  Қазіргі таңда мерзімі аяқталған жүргізуші куәліктерін ауыстыру, жаңа көлікті тіркеу қызметтері қолжетімді. Дайын құжаттарды сол жерден күнбе-күн алуға болады.